Апелляциялық сот Шымкент қаласы бойынша ҰҚК департаменті бастығының бұрынғы бірінші орынбасары Манат Сарбасовқа қатысты резонансты сыбайлас жемқорлық ісі бойынша үкімді қайта қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жазаның мүліктік бөлігіне өзгерістер енгізілгенімен, бірінші сатыдағы соттың негізгі шешімі күшінде қалды.
Атап айтқанда Манат Сарбасовтың атына тіркелген Шымкенттегі пәтер тәркіленбейтін, Toyota Land Cruiser автокөлігінің құны ретінде мемлекет кірісіне 17 млн теңге өндірілмейтін болды.
Әңгіме бірінші сатыдағы сот қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған деп таныған мүлік туралы болып отыр.
Сонымен қатар апелляциялық инстанция негізгі жазаны қайта қарауға негіз таппады. Сот бас бостандығынан айыру мерзімін 12 жыл көлемінде өзгеріссіз қалдырып, ҰҚКД-нің бұрынғы жоғары лауазымды қызметкерінің кінәсі дәлелдердің жиынтығымен толық дәлелденгенін атап өтті.
Қалған бөлігінде — Сарбасовқа да, іс бойынша басқа фигуранттарға қатысты да — апелляция бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Еске салайық, 7 қазанда алқабилер үкімімен Манат Сарбасов пара алу, қылмыстық жолмен алынған табыстарды заңдастыру (жылыстату) және қызметтік әрекетсіздік үшін кінәлі деп танылған болатын.
Қылмыстардың жиынтығы бойынша сот оған орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар Сарбасов ҰҚК подполковнигі әскери атағынан айырылды.
Үкімнің жеке тармағы ретінде мемлекет пайдасына жеке мектепке қамқорлық көрсеткені үшін кәсіпкер әйелден алынған пара сомасы — 70 млн теңгені өндіру белгіленген. Үкімнің бұл бөлігін апелляциялық сот қайта қараған жоқ.