Маңғыстауда жол апатынан зардап шеккен тағы бір жолаушы көз жұмды

/
Маңғыстауда жол апатынан зардап шеккен тағы бір жолаушы көз жұмды
Фото: Көлік министрлігі

Ақтаудан Бейнеу ауданына бағыт алған жолаушылар мінген автобустың тағы бір жолаушысы ауруханада көз жұмды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. 

Еске сала кетейік, 16 қаңтар түнгі сағат 01:30 шамасында Ақтау-Бейнеу тас жолында автобус апатқа ұшырап, оқиға орнында 4 адам қаза тапты.

Тағы 42 адам түрлі дене жарақаттарымен Бейнеу аудандық ауруханасына жеткізілді.

Өкінішке қарай, осы оқиға орнында 4 адам қаза тауып және бір адам Бейнеу көпбейінді ауруханасына жеткізіліп, қаза тапты. Қазіргі таңда 13 адамның денсаулығы қанағаттанарлық жағдайда. 3 науқас реанимациялық бөлімде ем қабылдап жатыр. Әрі қарай емдеу тактикасын қарау мақсатында, біз Денсаулық сақтау министрлігімен, шұғыл ұлттық медициналық үйлестіру орталығымен тығыз байланыста отырмыз, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева. 

Осы оқиғаға қатысты облыстық әкімдік жанынан жедел штаб құрылып, жол апатының салдарын жою, зардап шеккендерге қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсету бойынша кешенді шаралар қабылданған. Бейнеу ауданына жоғары санатты білікті дәрігерлер тобы жіберілген.

Дәрігерлердің мәліметінше, зардап шеккендер бас-ми жарақаттары, кеуде қуысы мен ішкі ағзалардың соғылуы, сүйек сынулары сынды ауыр жарақаттар алған. 

Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиға салдарынан 5 адам қаза тауып, 42 адам зардап шекті. 16 науқас ауруханада ем алып жатыр. Ал, қалғандары үйлеріне жіберілді. Тергеу амалдары жалғасып жатыр, - дейді Бейнеу аудандық полиция бөлімінің бастығы Еркебұлан Ізкенов.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары