23 градус аяз: Қазгидромет ауа райына байланысты ескерту жасады

/
23 градус аяз: Қазгидромет ауа райына байланысты ескерту жасады
istockphoto

Астана мен 13 өңірде күн райына байланысты ескерту жарияланды, деп хабарлайды Қазгидромет.

Кәсіпорынның болжамына қарағанда, 14 қаңтар күні Астанада түнгі және таңғы мезгілде тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болуы ықтимал.

Қостанай облысының оңтүстігінде жаяу бұрқасын соғып, өңірдің батысы, солтүстігі мен шығысын қалың тұман басады. Жел солтүстік-шығыстан, шығыстан соғып, оңтүстікте секундына 15–20 метрге дейін күшеймек.

Түркістан облысының солтүстігінде және таулы аймақтарында тұман түседі. Таулы асуларда оңтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні күндіз 15–20 м/с-қа жетеді.
Батыс Қазақстан облысының батысы мен оңтүстігінде қар, боран, көктайғақ болады. Өңірдің бірнеше бөлігінде тұман түсіп, желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін ұлғаяды. Орал қаласында түнгі және таңғы уақытта тұман түседі.

Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында тұман, көктайғақ болады. Желдің екпіні кей жерлерде 23 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Қызылорда қаласының өзінде де мезгіл-мезгіл тұман түспек.

Жетісу облысының шығысында, орталығында және таулы аймақтарында тұман түседі. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы кей жерлерде 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Талдықорғанда да түнде және таңертең тұман болады.

Ақмола облысының батысы, солтүстігі мен шығысында тұман түсіп, жолдарда көктайғақ пайда болады. Желдің екпіні 15–20 м/с. Көкшетауда да жол қозғалысы күрделенуі мүмкін.

Атырау облысының солтүстігі мен батысында түнде жауын-шашын (жаңбыр мен қар) болып, ол күндіз де жалғасады. Көктайғақ пен жаяу бұрқасын соғады. Атырау қаласында тұман мен көктайғақ кезектесіп отырады.

Маңғыстау облысында жаңбыр мен қар аралас жауын жауып, көктайғақ болады. Күндіз жаяу бұрқасын соғып, желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Ақтауда да жел күшейеді.

Абай облысының оңтүстігі мен орталығында түнде қар жауып, тұман болады. Күндіз өңірдің бірнеше бөлігінде жаяу бұрқасын соғады. Семей қаласында түнгі температура күрт төмендеп, 21–23 градус аязға дейін жетеді.

Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігінде қар жауады, ал солтүстігі мен шығысында тұман мен боран күтіледі. Өскеменде түнде -18–20 градус аяз болады.

Ақтөбе облысының солтүстігі, шығысы және орталығында жаяу бұрқасын соғып, желдің екпіні кей сәттерде 25 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Ақтөбе қаласында да жел күшейеді.

Ұлытау облысының солтүстігі, шығысы мен орталығында тұман түседі. Жел солтүстік-шығыстан соғып, екпіні 15–20 м/с болады. Жезқазғанда да тұман жиілейді.

Қарағанды облысының бірқатар аумағында тұман түсіп, желдің екпіні күшейеді. Облыс орталығында да көріну қашықтығы төмендеуі мүмкін.

Мамандар тұрғындарды ауа райының қолайсыздығына байланысты сақ болуға, ал жолға шығатындарды аса мұқият болуға шақырады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары