Дженнифер Лопестің елордадағы концертінде қоғамдық тәртіпті бұзған көп балалы ананың ісі Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
Соттың мәліметінше, іс ұсақ бұзақылық дерегі бойынша қаралған. Сот 2025 жылғы 1 тамыз күні сағат 21:00 шамасында К. есімді азаматша «Астана Арена» стадионында көрермен ретінде болып, өзін агрессивті ұстағанын, айналасындағыларды итеріп, қоғамдық тәртіпті бұзғанын және іс-шараға келген өзге адамдарға қолайсыздық тудырғанын анықтады.
Оның кінәсі куәгерлердің сөзімен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, сондай-ақ оқиға орнынан алынған бейнежазбамен дәлелденді.
Сотта ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігінің санкциясы — 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды, 20-дан 60 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарды немесе 5-тен 15 тәулікке дейінгі әкімшілік қамаққа алуды көздейтіні еске салынды. Алайда азаматшаның 14 жасқа толмағандарды қоса алғанда бес баласы болғандықтан, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 50-бабына сәйкес оған әкімшілік қамақ қолданылмайды.
Істі қарау қорытындысы бойынша әйел кінәлі деп танылып, оған 20 АЕК мөлшерінде, яғни 78 640 теңге мөлшерінде айыппұл салу түріндегі жаза тағайындалды. Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.