Алматы – Самарқан бағытындағы және кері бағыттағы әуе рейстері биылғы көктемде қайта іске қосылады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қазақстандық лоукостер FlyArystan 2026 жылдың көктемгі және күзгі кестесі аясында Алматы – Самарқан – Алматы халықаралық бағыты бойынша әуе билеттерінің сатылымы ашылғанын жариялады.
Рейстер аптасына екі рет — сейсенбі және сенбі күндері орындалады. Көктемгі кезеңде — 21 наурыздан 30 мамырға дейін, күзде — 1 қыркүйектен 24 қазанға дейін. Бір бағыттағы әуе билеттерінің бағасы 34 мың теңгеден басталады.
«2026 жылы FlyArystan қолжетімді әуе тасымалдары мен тұрақты операциялық қызметке басымдық бере отырып, халықаралық бағыттар желісін кеңейтуді жалғастырады. Алматы – Самарқанд бағыты бойынша рейстердің қайта жандануы жолаушылардың Өзбекстанға сапарларға деген тұрақты қызығушылығын көрсетеді және Орталық Азияда тікелей әуе қатынасын дамыту стратегиямызға толық сәйкес келеді», – деді «FlyArystan» АҚ президенті Ричард Леджер.
Ұшулардың күндізгі ыңғайлы уақыты жолаушыларға сапарларын жайлы жоспарлауға және қысқа іскерлік сапарлар үшін де, ұзақ мерзімді сапарлар үшін де маршрутты икемді түрде құруға мүмкіндік береді.