Атыраулық хакерге алаяқтық бабымен 4 қылмыстық іс қозғалып, іздеу салынған

/
Атыраулық хакерге алаяқтық бабымен 4 қылмыстық іс қозғалып, іздеу салынған
istockphoto.com

Атырау облысының полициясы Жангелдин ауылында жоғалған отбасының қайда екенін анықтаған хакерге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ішкі істер органдары хакердің мәліметтерін жоққа шығарды. Жоғалған адамдардың қайда екендігі туралы ақпарат тек заңды оперативтік-іздестіру және тергеу іс-шаралары аясында алынған.

Хакер SIM-карталар мен есепшоттарға анализ жасамаған

Полиция ақпаратты таратқан тұлғаның өздігінен техникалық талдау жүргізбегенін мәлімдеді.

«Шын мәнінде көрсетілген барлық мәліметті әлеуметтік желілерде жарияланбас бұрын заңды оперативтік-іздестіру және тергеу іс-шаралары аясында ішкі істер органдарының бөлімшелері анықтаған. Кейін ресми ориентировка түрінде рәсімделген. Аталған тұлға жаңа мәліметтер алмаған және өздігінен техникалық талдау жүргізбеген. Оның таратқан мәліметтері ресми ориентировкалармен толық сәйкес келеді және ол оларды ресми ақпарат жарияланғаннан кейін көшіріп алған», – деп хабарлады полиция.

Жұмыс техникалық мамандар мен байланыс операторларының қатысуымен жүргізілген. Барлық мәліметтер профильді техникалық мамандардың қатысуымен, сондай-ақ байланыс операторлары мен басқа уәкілетті ұйымдармен өзара іс-қимылда алынған.

Полиция атап өткендей, барлық іс-шаралар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізілген.

Полиция тарапынан қысым жасалғаны туралы ақпарат жалған

Атырау облыстық полиция департаментінің түсініктемесінде, полиция қызметкерлерінің қысым көрсеткендігі немесе қауіп төндіргендігі туралы хабарламалар шындыққа сәйкес еместігі айтылды.

«Полиция тарапынан қысым немесе қауіп төндірілгені туралы ақпарат шындыққа сәйкес емес. Полиция тек ресми ақпарат көздеріне сенуді ұсынады және жалған мәлімет таратқаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, қылмыстық жауапкершілік те қарастырылғанын ескертеді», – делінген ведомстводағы хабарламада.

Полиция сондай-ақ, аталған тұлғаға бұрын алаяқтық фактілері бойынша төрт қылмыстық іс тіркелгенін және қазіргі уақытта олардың тергеу жұмыстары жалғасып жатқанын, өзі заңда белгіленген тәртіппен іздеуде екенін хабарлады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары