Қыста қандай дәрумендер қабылдау керек?

/
Қыста қандай дәрумендер қабылдау керек?
istockphoto.com

Қыс мезгілінде күн сәулесінің айтарлықтай азаюына байланысты көптеген адамдарда D дәруменінің тапшылығы жиі кездеседі. Мұндай жағдай сүйек, бұлшық ет және иммундық жүйенің әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Бұл туралы дәрігер Ақбаян Нұрқабылқызы айтып берді.

Маманның айтуынша, D дәрумені ағзадағы кальций мен фосфордың дұрыс сіңуіне тікелей әсер етеді.

Бұл элементтердің жетіспеушілігі кезінде сүйек тінінің әлсіреуі, тіс пен бұлшық еттерге қатысты мәселелер, сондай-ақ иммундық жүйенің қорғаныш қызметінің төмендеуі байқалуы мүмкін.

— Елорданың қыс мезгілі ұзаққа созылады, ал адамдар күн сәулесін аз алады. Осы себепті D дәруменінің тапшылығы жиі кездеседі. Оның алғашқы белгілеріне тез шаршау, әлсіздік, көңіл күйдің төмендеуі, бұлшық еттің ауыруы, сондай-ақ тіс пен тырнақтың әлсіреуі жатады. D дәруменінің деңгейін бір рет көтеру жеткіліксіз — оны тұрақты түрде сақтап отыру маңызды. Себебі тәуліктік қажеттілікті тек тамақ арқылы толықтыру қиын. D дәрумені балықта, жұмыртқаның сары уызында және сүт өнімдерінде болғанымен, бұл тағамдарды күн сайын тұтынбайтындар аз емес, — деді дәрігер «Jibek Joly» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында.

Дәрігер D дәруменінің профилактикалық және емдік дозасының айырмашылығын да түсіндірді. Оның айтуынша, зертханалық талдау нәтижесі 10-нан 30-ға дейін болса, бұл дәрумен тапшылығы саналады және мұндай жағдайда емдік доза тағайындалады. Ал көрсеткіш 50 мен 100 аралығында болса, бұл қалыпты деңгей, ал 100-ден жоғары болуы гипервитаминоздың даму қаупін көрсетуі мүмкін.

Сонымен қатар, маман D дәруменін магний және Омега-3 май қышқылдарымен бірге, әсіресе таңғы ас кезінде қабылдауға кеңес берді.

Егде жастағы адамдарда, артық салмағы бар азаматтарда, сондай-ақ асқазан-ішек жолдары, бауыр мен бүйрек аурулары бар науқастарда D дәруменінің сіңуі төмендеуі мүмкін. Ал балаларда оның тапшылығы мешел (рахит) ауруының дамуына әкелуі ықтимал.

— Алдын алу мақсатында D дәруменін қыркүйек айынан мамыр айына дейін қабылдауға болады. Ересектер үшін тәуліктік профилактикалық доза 600-ден 2000 халықаралық бірлікке дейін, ал балаларға 400 халықаралық бірлік ұсынылады. Ең бастысы — белгіленген мөлшерден аспау, — деп атап өтті Ақбаян Нұрқабылқызы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары