Тоқаевтың «Turkistan» газетіндегі сұхбаты: Дәстүрлі баспасөздің жаңа ренессансы

Тоқаевтың «Turkistan» газетіндегі сұхбаты: Дәстүрлі баспасөздің жаңа ренессансы
turkystan.kz

Белгілі ағылшын философы әрі мемлекет қайраткері Фрэнсис Бэконға тиесілі мынадай қанатты сөз бар: «Оқу адамды білімді етеді, әңгіме тапқырлыққа, ал жазып отыру әдеті дәлдікке үйретеді».

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жылдың басында еліміздің ең ықпалды баспа бұқаралық ақпарат құралдарына (Egemen Qazaqstan – 2024, Ана тілі – 2025, Turkistan – 2026) берген сұхбаттары арқылы жаңа саяси дәстүрдің негізін қалады. Мемлекет басшысы арнайы сұхбат, мақсатты әңгіме, диалог форматын таңдады. Бұл формат басылымға маңызды ақпарат алуға ғана емес, сонымен қатар бірегей сұхбаттас ретінде Президенттің тұлғасын, оның адами болмысын жан-жақты ашуға мүмкіндік береді.                                                                                        

1975 жылдан бастап КСРО Сыртқы істер министрлігіндегі қызметінен бастау алатын жарты ғасырлық мемлекеттік қызмет бұл өзін-өзі қатаң тәртіпке салу, жауапкершілік пен жүйелілік жылдары болып, Президенттің мінезі мен дүниетанымының қалыптасуына елеулі ықпал етті. Ал алғашқы мамандығы – қытайтану,  табандылықты, жазбаша сөзге айрықша ұқыптылықты, мәтінмен жұмыс істеуге, соның ішінде Жолдауларды, мақалалар мен хаттарды дайындауға ерекше назар аудару қабілетін қалыптастырды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы оқу мәдениетінің жоғары деңгейі туралы үнемі айтып келеді. Оқу мәдениеті дамыған елдер жаһандық прогрестің алдыңғы шебінде әрдайым болатыны жөніндегі өз ұстанымын ол бұл жолы да “Turkistan” газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлымен болған сұхбатында айқын атап өтті. Сонымен қатар Президент мерзімді баспа бұқаралық ақпарат құралдарының рөліне ерекше тоқталып, олардың басты ерекшеліктері ретінде шолу жасау, талдау, ағартушылық қызмет атқару және дәстүрлі құндылықтарды сақтау миссиясын атап көрсетті.

Газеттер мен журналдар әрқашан мазмұндық мәні жоғары ақпараттың маңызды көзі болып келді. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы олардың бүкіл әлемде «ренессанс» кезеңіне нақты қадам басқанын орынды атап өтті. Мұны мәдени социология мен медиатұтыну саласындағы беделді сарапшылар жүргізіп, талдаған ғылыми зерттеулердің нәтижелері айқын дәлелдейді. XXI ғасырдың алғашқы онжылдығынан бастап кең таралған пікір бойынша, цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында баспа бұқаралық ақпарат құралдары сөзсіз жойылуға ұшырайды деп есептелді. Газеттер мен журналдардың таралымы күрт төмендеген тұста интернет-платформалар мен әлеуметтік желілер қарқынды түрде дамыды. Дәстүрлі басылымдардың едәуір бөлігі жабылып, не онлайн форматқа көшуге мәжбүр болды. Алайда бүгінде баспа БАҚ-тың құндылығына деген қызығушылықтың артуы олардың «ренессансқа» бет алғанының айқын белгілерін көрсетіп отыр.

Сарапшылардың пікірінше, «баспа өнімінің өлімі» туралы айтылған үрейлі болжамдар асыра айтылған. 2025 жылда жүргізілген арнайы зерттеулер нәьижесінде алынған деректерге сәйкес, цифрлық платформаларды белсенді дамытып отырған ірі медиа-конгломераттардың өзі табысының елеулі бөлігін баспа нөмірлерін сатудан және солардағы жарнамадан алуда. Бұған қоса, әлемде бұрынғы басылымдарды қайта жандандырумен қатар, тәуелсіз баспа жобаларының да өрлеуі байқалады. «Fast Company» зерттеуінің мәліметтері бойынша, АҚШ-та белсенді түрде шығып тұрған тәуелсіз журналдардың саны ондаған мыңға жетеді, ал жыл сайын баспа өнімдерін шығаратын 7000-ға дейін жаңа баспа стартаптары тіркеледі.

Зерттеушілер экрандық ақпараттың шамадан тыс көптігінен зардап шегетін адамдар арасында «цифрлық шаршау» құбылысының байқалатынын атап өтеді. Қазіргі өмірімізде гаджеттердің үздіксіз қолданылуы аясында онлайн ақпараттан ажырап, қолымызға сапалы кітапты, қызықты журналды немесе газеттің жаңа санын алып, оқудан ләззат алуға деген саналы қажеттілік қалыптасты. Мемлекет басшысы да осы жайтқа назар аударды. Жастардың едәуір бөлігінің білім әлемінде өмір сүруді таңдауы – қуантарлық құбылыс.

Зерттеулер сондай-ақ оқырмандардың елеулі бөлігі мәтінді қағаз форматында оқыған кезде экран арқылы оқуға қарағанда оны тереңірек түсінетінін анықтады. Баспа форматының сенімділікпен ассоциациялануы оның тарихи тұрғыда көпсатылы редакциялық өңдеуден өтуімен және ақпаратты жариялауға қойылатын талаптардың жоғары болуымен байланысты. Ал кез келген блог ақпаратты ешқандай сүзгісіз тарата алады. Жетекші баспа газеттері мен журналдарының ұзақ тарихы мен қалыптасқан беделі олардың жағымды имиджін нығайта түседі. Социологиялық сауалнамалар жалпы алғанда баспаларға деген сенімнің цифрлық медиамен салыстырғанда едәуір жоғары екенін көрсетеді. Әлеуметтік желілер фейк ақпаратқа толы болған жағдайда, адамдар тексерілген газеттер мен журналдарға қайта бет бұрды. The New York Times, The Times және басқа да жетекші газеттерге жазылушылар санының артуы қоғамның сапалы баспа журналистикасы үшін ақы төлеуге дайын екенін айғақтайды.

Баспа бұқаралық ақпарат құралдарын оқу үдерісі баяу, ой елегінен өткізе отырып жүзеге асады, алаңдататын хабарламалар мен жарнаманың болмауы материалды меңгеруге және аудиторияның қанағаттану деңгейіне оң әсер етеді. Сонымен қатар цифрлық дәуір жағдайында баспа БАҚ онлайн кеңістіктің артықшылықтарын пайдалануға ұмтылуда. Табысты басылымдар бір мезгілде баспа форматында да, веб-кеңістікте де, әлеуметтік желілерде де белсенді түрде ұсынылған. Медиа сарапшылардың пікірінше, баспа және цифрлық БАҚ бірін-бірі ығыстырмай, керісінше өзара толықтыра отырып, қатар өмір сүруі тиіс.

Интернет жаңалық тарату жылдамдығы жағынан баспасөзбен бәсекелесе алмайды. Осыған байланысты баспа бұқаралық ақпарат құралдарының стратегиялары үнемі дамып отыруы тиіс: терең талдауға, эксклюзивті сұхбаттарға, авторлық колонкаларға, яғни бір күндік ақпараттық құндылықпен шектелмейтін, мағыналық салмағы жоғары контентке басымдық беруі қажет. Қазір көптеген журнал, оның ішінде ғылыми басылымдар да, сирек жарық көретін болғанымен, материалдарының көлемі мен сапасы жағынан айтарлықтай артты.

Осылайша, баспа БАҚ-тың «ренессансы» – жаңа шынайылық. Иә, ол баспасөздің бұрынғы гүлдену кезеңінен едәуір өзгеше. Расында да, баспа газеттері мен журналдар бүгінде негізгі жаңалық көзі болып саналмайды, бұл тұрғыда оларды онлайн-басылымдар басып озды. Алайда олардың мәдени тұрғыдағы рөлі мен маңызы терең әрі ықпалды болып қала береді. Олар дәстүрлердің сақтаушысы әрі ұлтты тәрбиелеуші ретінде, жеке адамдар мен тұтас қоғамның саналы таңдау жасауына ықпал етіп, бос ақпараттық ағымнан гөрі мазмұнды өмір сүруге жол ашады. Баспасөздің ренессансы – Дени Дидроның «Адамдар оқуды тоқтатқан кезде ойлауды да тоқтатады» деген сөздерінің ақиқаттығын айқындайтын дәлел.

Зарема ШАУКЕНОВА,

Әлеуметтану институтының директоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары