Жасанды интеллект технологиясынан дүние жүзінде жұмыс орындары 40 пайызға қысқаруы мүмкін – Президент

/
Жасанды интеллект технологиясынан дүние жүзінде жұмыс орындары 40 пайызға қысқаруы мүмкін – Президент
Ақорда

Астанада өтіп жатқан V Еуразия экономикалық форумның пленарлық сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект технологияларының көз ілеспес жылдамдықпен дамуы жаһандық экономикаға ықпал ететін іргелі факторға айналып үлгергенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Халықаралық сарапшылар, мәселен, Goldman Sachs алдағы он жыл ішінде жасанды интеллектіні қолдану әсерінен әлемдік ішкі жалпы өнімнің өсімі 7 триллион долларға жақындауы мүмкін деп пайымдайды. 

Бұл жаңа технологиялық қалыптың түзілуіне алып келеді. Соның салдарынан экономиканың барлық секторындағы еңбек нарығының құрылымы түбегейлі өзгереді. 

Мәселен, Халықаралық валюта қорының бағалауынша, алдағы жылдары жасанды интеллект технологиясының енгізілуіне қарай дүние жүзіндегі жұмыс орындары 40 пайызға дейін қысқаруы мүмкін. 

Демек, шартараптағы жүздеген миллион адам жаппай білімін жетілдіріп, жаңа дағдыларды меңгеруге тиіс. Әлеуетті мемлекеттер ауқымы жағынан белгісіз міндеттермен бетпе-бет келіп, ұлттық білім беру жүйесін түбегейлі өзгертуге мәжбүр болады. 

Цифрлық технологияларды қарқынды экономикалық және қоғамдық даму тетігіне айналдыра аламыз ба? Бұл – ең басты мәселе. 

Аз да болса амбициясы бар елдердің келешегі аталған мәселені қаншалықты табысты шешуіне тікелей байланысты десек, артық айтқандық емес. 

Дәл осы себепті Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық еткен жылы Одақ аясында елдеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын «төрт еркіндік» қағидатының құралы ретінде нақты қолдануды ұсынды», - деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру үшін жасалып жатқан жүйелі қадамдарға тоқталды.  

«Қазақстан «ақылды» платформаларды мемлекеттік басқару жүйесі мен экономиканың негізгі секторларына табысты енгізуде. 

Былтыр халыққа Жолдауымда Қазақстанды цифрлық елге айналдыру жөнінде міндет жүктедім. 

Бұл жұмысқа жүйелі сипат беру үшін биыл, яғни, 2026 жыл елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму жылы болып жарияланды. 

Болашақтың бағдарын айқындай отырып, біз азаматтардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігіне баса мән береміз. 

Қазақстанның жаңа Конституциясында алғаш рет дербес мәліметтерді қорғау құқығы бекітілді, соның ішінде цифрлық технологияларды қолдана отырып, деректерді заңсыз жинауға, өңдеуге, пайдалануға тыйым салынды. Мұны, шын мәнінде, өте маңызды конституциялық міндет деп санаймыз. 

Институционалдық негізді нығайтып, инновацияны кешенді түрде  енгізу мақсатында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. 

Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңесті құру да пайдалы шараның бірі болды. Аталған консультативтік орган құрамы жетекші шетелдік және отандық сарапшылардан, бизнес пен мемлекеттік мекемелердің өкілдерінен жасақталды», - деді Президент.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар