Қазақ футболының ардагері, тәжірибелі ойыншы әрі бапкер Марат Жалғасұлы Есмұратов 65 жасында өмірден озды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Суыт хабарды Қазақстан футбол федерациясы жеткізді.
«Қазақстан футбол федерациясы марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына және барша футбол қауымдастығына қайғыра көңіл айтады.
Марат Жалғасұлы – отандық футболдың дамуына елеулі үлес қосқан тұлға. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында жеті мәрте алаңға шыққан. Кәсіби еңбек жолында «Мелиоратор», «Машук», «Қайрат», СКИФ-«Ордабасы», «Актюбинец», «Мұнайшы» клубтарында өнер көрсетіп, 2001 жылы туған клубы «Қайсар» сапында футболшы мансабын аяқтады. Ол Қазақстан Премьер-лигасында 265 матч өткізіп, 6 гол соқты.
Жаттықтырушы ретінде «Қайсар», «Ақ Бұлақ», БЖМОРСМ №2, «БТА Футзал» МФК, «Жетісу» және «Алтай» клубтарында жұмыс істеді.
Қазақстан футбол федерациясы қазақ футболын дамытуға атсалысқан Марат Жалғасұлының есімін әрқашан ардақтайды. Оның өнегелі өмір жолы халқының жадында мәңгі сақталады. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!», - делінген хабарламада.