Тараздағы ірі сауда және ойын-сауық орталығынан адамдар шұғыл эвакуацияланды. Ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы анонимді қоңырау түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жамбыл облыстық полиция басқармасының мәліметінше, 4 қаңтарда сағат 17.15 шамасында Тараз қаласының ірі сауда орталығына жарылғыш құрылғы қойылғаны туралы хабарлама түсті.
«Аталған орынға шұғыл түрде Полиция департаментінің қызметкерлері және басқа да жедел қызмет тобы жетті. Қазіргі уақытта сауда орталығының ғимараты тексерілуде. Келушілер мен жұмысшылар эвакуацияланды. Тексеру шаралары аяқталғаннан кейін сауда үйінің жұмысы штаттық режимде жалғасатын болады», - делінген хабарламада.
Жамбыл облысының Полиция департаменті азаматтарды дүрбелеңге түспеуге, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және уақытша шектеу шараларына түсіністікпен қарауға шақырады.