Түнде уақытша жабылған жолдар бүгін таңертең ашылды. Қауіпсіздік үшін полиция мың көліктің алдына шығып, басқарып жүрді.
Кеше Ақтөбеде қар жауып, боран болды. Қауіпсіздік үшін барлық бағыттағы жол жабылып, полиция кезекшілікке тұрды. Бүгін таңертең қозғалыс қайта жанданды.
Тұрақтарда, автокемпингтерде және автомобиль жолдарының бойында жеңіл көліктер, жолаушылар автобустары мен ауыр жүк көліктерін қоса алғанда мыңнан аса көлік құралы жиналды. Полиция мен төтенше жағдайлар қызметі жағдайды тәулік бойы бақылап, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. 3 қаңтар күні таңертең өңірдегі ауа райы жағдайы тұрақталды. Жол жамылғысының жай-күйі мен қауіпсіздік деңгейі бағаланғаннан кейін қозғалысты кезең-кезеңімен қайта жандандыру туралы шешім қабылданды. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері көлік құралдарын колонналарға біріктіріп, оларды сүйемелдеуді ұйымдастырды. Қозғалыс патрульдік экипаждардың бақылауымен, белгіленген жылдамдық режимін және барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүзеге асырылып жатыр, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.