Семсерлесуден аға жаттықтырушы Қарлығаш Сайханова Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитетінің I дәрежелі Құрмет белгісіне ие болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Шымкент қаласының өкілі отандық спортты дамытуға қосқан елеулі үлесі мен көпжылдық жемісті еңбегі үшін марапатталды.
Қарлығаш Рыстанбекқызы дене шынықтыру және спорт саласында 50 жылын арнаған. Ол еңбек жолын әдіскер әрі жаттықтырушы-оқытушы ретінде бастап, өңірдегі семсерлесу спортының жетекші мамандарының біріне айналды. Көп жыл бойы дарынды спортшылармен жұмыс істеп, халықаралық деңгейдегі ірі жарыстардың жүлдегерлерін тәрбиелеп келеді.
Оның шәкірттерінің ең айтулы жетістіктері қатарында 2023 жылғы Азия ойындарында, Әлем кубогы кезеңдерінде және Азия чемпионатында жеңіп алған жүлделер бар.
Еңбек жолында Қарлығаш Сайханова бірнеше мәрте мемлекеттік және салалық марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен, «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» наградасымен, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» және «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған.
Сондай-ақ семсерлесу спортын дамытуға қосқан үлесі үшін жаттықтырушы-оқытушы Вилор Дьякокин Қазақстан ҰОК-нің I дәрежелі Құрмет белгісімен марапатталды. Ал жаттықтырушы Павел Гурский Құрмет грамотасына ие болды.