Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-Д'Ампеццо қалаларында өтетін XXV Қысқы Олимпиада ойындарына қазақстандық спортшылардың дайындық барысы туралы баяндады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Министр жарысқа 93 елден 3 мыңға жуық спортшының қатысуы жоспарланып отырғанын атап өтті. Барлығы 116 марапаттар жиынтығы ойналады. Қазақстанның ұлттық командасы 10 спорт түрі бойынша 58 медалға таласады.
Олардың қатарында биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғы спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарыстары, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл-могул және фристайл-акробатика бар.
«Салтанатты ашылу рәсімі 2026 жылдың 6 ақпанында Милан қаласында өтеді, ал жабылу салтанаты 22 ақпанда Верона қаласында ұйымдастырылуы жоспарланған. Ойындар бағдарламасы конькимен жүгіру және шаңғы жарысы спортшыларының өнер көрсетуімен басталады. Соңғы кезеңде тау шаңғысы бойынша жарыстары өтеді», — деді Ербол Мырзабосынов.