«Анаға апарар жол» – Орталық Азияның үздік фильмі

Белгілі режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі «Ақ ілбіс» киножүлдесінің бас жүлдесіне ие болды.  Бұл туралы «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлады. 

«ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның «Новый мир» ЖШС-нің қатысуымен түсірген «Анаға апарар жол» фильмі Бішкекте өткен «Ақ ілбіс» атты VI ұлттық киножүлдесінде Орталық Азияның үздік фильмі атанды», – делінген хабарламада.

«Анаға апарар жол» атты туындысы үш номинация бойынша, атап айтсақ, «Орталық Азияның үздік фильмі», «Орталық Азияның үздік актері» (үміткер болған – актер Әділ Ахметов), «Орталық Азияның үздік актрисасы» (үміткер болған – актриса Алтынай Нөгербек) номинациялары бойынша қатысқан.

Сондай-ақ, осы жүлделерге Өзбекстан мен Тәжікстанның картиналары да ұсынылған болатын. Ұлттық жүлдені режиссер Ақан Сатаевқа қырғыздың кинорежиссері, Қырғызстан Республикасының халық артисі, аталмыш премияның құрылтайшыларының бірі Артықбай Сүйіндіков және Лос-Анжелестегі азиялық кинофестивалінің үйлестірушісі Әсел Шерниязова табыстады.

«Түсіру тобын осы жеңіспен қуттықтаймын. «Анаға апарар жол» – Орталық Азияның үздік фильмі», – деп жазды режиссер Ақан Сатаев Instagram-дағы өзінің парақшасында.

Кинотуынды ананың перзентіне деген шексіз махаббаты туралы, перзентінің Отанына деген адалдығы жайлы баяндайды. Аталған картина 38-ші Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде және «Еуразиялық көпір» атты фестивальге қатысып, бас жүлдені иемденсе, актриса Алтынай Нөгербек «Үздік әйел адам рөлі» номинациясында жеңіске жетті.

Одан бөлек, бұл туынды биыл Қазақстан киносыншылары қауымдастығы ұйымдастырған «Сыншылар таңдауы» аталымында үш бірдей жүлдені иемденді. Атап айтсақ, «Ең үздік актриса» ретінде – Алтынай Нөгербек, «Екінші пландағы үздік актриса» ретінде Аружан Жазылбекова танылды. Ал «Фильмге жазылған үздік музыка» номинациясын аталмыш картина композиторлары Әлім Заиров пен Роман Вишневский бөліскен болатын.

 

Back to top button