Қостанайда сегіз корпустан тұратын бұрынғы президент резиденциясында енді психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл жүйесі зақымданған балғындар ем-дом қабылдайтын болады, деп хабарлайды "Хабар" арнасы.
Мұнда жылына кемінде 900 бала медициналық және әлеуметтік көмек алады. Ол үшін орталықта барлық жағдай жасалған. Ғимараттар мүгедектігі бар жандардың ыңғайына сай жаңартылып, құрал-жабдықтар арнайы тапсырыспен АҚШ, Еуропа елдерінен жеткізілген. Бұл мақсатқа "Қазақстан халқына" қорынан 1 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған.
"Бәрі компьютермен жабдықталған. Балаларға өте қызықты. Бір жағынан ойын түрінде, бір жағынан тренажері болады. Мұндайды көрмегенбіз әлі. Көрдік, келдік, бәрі ұнап жатыр. Осындай орталық ашылғанына қуаныштымыз", - дейді қала тұрғыны Қарлығаш Тумерзина.
"Бұл жерде бальнеологиялық жағы бар, мына иммерсиялық ванналар бар, неше түрлі интерактив бөлмелер бар. Ғарышкерлер ұшып барып келіп, реаблитациядан өтетін құрылғылар. Біздің балалар ғарышкерлерден кем емес. Оларда да осындай мықты реаблитация болуы керек", - дейді "Қазақстан халқына" ҚҚ басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева.