Әулиеатадағы әскер қатарында 10 егіз сарбаз Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы сарбаздарды бөлмей сыңарымен бірге бөлімдерге жіберген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сыңарымен сапта тұрған сарбаздардың бірі – Аман мен Есен. Нұрсұлтан мен Ерсұлтан да бар. Олар Отан алдындағы борышын өтеуге өз еркімен бірге келген, қазір түзету мекемесінде қарауылдық қызметте жүр.
Ал 19 жастағы түркістандық Эльшан мен Эльхан Нуриевтер ұлттық ұлан сапында. Ақтөбеден келген Әділет пен Ақниет Төремұратовтар болса, байланыс полкінде борышын өтеп жүр.
"Әскери өміріміз ұнап жатыр. Әр күніміз қызықты өтіп жатыр, өз еркімізбен келдік. Әскерден қашпаңдар, ер азамат әскери борышын өтеуі керек. Ол – Отан алдындағы парызы", – деді қатардағы жауынгер Әділет Төремұратов.
Диас пен Ілияс Төлепбергендер Талғардан Тараздағы әскери бөлімге былтыр келген. Егіздердің екеуі де 5513 әскери бөлімінде борышын өтеп жүр. Енді екі аптадан соң үйіне оралады. Бір жыл бойы абыройлы қызмет атқарған сыңарлар "жастарға үлгі болсақ" дейді.