Ұлының еміне деп, елден жылу жинап, сол қаржыға шетелде саяхаттады деп айыпталған ерлі-зайыпты блогерлер сот алдында жауап беріп жатыр. Ерлі-зайыпты науқас баласының видеосын желіде жариялап, шамамен 1 жарым миллиард теңге жинаған. Бірақ соның 6 миллионын ғана баласының еміне жұмсаған, дейді мемлекеттік айыптаушы. Қалған ақшаға автокөлік, баспана сатып алып шетелге саяхаттаған деп айыпталып отыр. Блогер тағылған айыптармен келіспей, сот залында көз жасына ерік берді, деп хабарлайды "КТК" арнасы.
Сырқат баласының еміне деп төрт жыл бойы елден көмек жинап келген блогерлер бүгін осы әрекеті үшін сот алдында жауап беріп жатыр. Ерлі-зайыпты блогерлер әлеуметтік желіге әсерлі жазбалар жариялап, баласының отасына деп халықтан 50 миллион сұраған. Кейін шотқа миллиондар түскенде тоқтай алмаса керек. Сөйтіп бір жарым миллиардтай жылу жиналыпты. Ал блогерлер соның 6 миллионын ғана баласының еміне жұмсаған, дейді мемлекеттік айыптаушы.
"1,4 млрд теңге ақша түскен, Қазақстан азаматтарынан. Қаражаттың тек 6 млн теңгесі емге жұмсалған. 10 млн-дайы 68 операция — букмекерлік ойындарға, 300 млн-дай қарыз қайтаруына кетті. 458 млн әлеуметтік желідегі таргетинг, жарнамаға төленген", - дейді мемлекеттік айыптаушы Ақтөре Беріков.
Бренд киімдер мен қымбат көлікті былай қойғанда, күдікті ата-ана сырттан тамаққа тапсырыс берудің өзіне 8 миллионға жуық теңге жұмсады, деп айыпталып отыр. Қайырымдылыққа түскен қаржы блогер келіншекпен қоса, 2021 жылы өмірден өтіп кеткен анасының есеп-шотына да түсіп отырыпты. Блогер отағасы осыны мысалға келтіріп, кінәсін мойындаған жоқ.
"Мен ешқандай ақша жинауға қатысқан жоқпын, қайырымдылыққа есепшот ашқан жоқпын, әлеуметтік желіге ештеңе жарияламадым, тіпті халықтан ақша да сұраған жоқпын. Ешқандай дәлел жоқ, менің ақша сұрағаныма, ал менің жеке шотыма бірде-бір теңге түспеген. Мені Толқынның күйеуі болғаным үшін қылмысқа қатысы бар деп айыптап жатыр", - дейді айыпталушы.
Ал прокурор ерлі-зайыпты блогерлердің екеуін де 7 жылға бас бостандығынан айыруды және мүлікн тәркілеуді сұрады. Тек баланың кәмелетке толмағаны ескеріліп, анасының жазасы екі жылға шегерілуі мүмкін. Блогер келіншек мұны естігенде жылап жіберді.
"Құрметті сот, өтінемін, менің отбасым бар. Жалғыз ғана ауру балам бар. Біз оған керекпіз. Біз ауру баламнан ұзақ өмір сүруіміз керек. Оған қамқор болуымыз керек. Біз тек баламыз жақсы өмір сүрсін деп күрестік. Біз ол ақшаны қарыз жабуға құрттық", - дейді айыпталушы.
Сот отырысы 8 қаңтарда жалғасады. Блогерлердің жазасы сол кезде белгілі болмақ.