Кәмелетке толмаған баланы емдеу шығындары бойынша іс бітімгершілікпен аяқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында талап қоюшы Ю-дың жауапкер Ц-ға қатысты кәмелетке толмаған баланы емдеуге жұмсалған шығындарды өндіру және алимент өндіру тәсілін өзгерту туралы талап арызы бойынша азаматтық іс қаралды.
Тараптардың 2008 жылы туған ортақ баласы бар. Талап арызда талапкер Ю соттан жауапкерден баланы емдеуге жұмсалған шығындардың 50 пайызын, сондай-ақ Астана қаласына барып-қайтуға байланысты тұру және әуе ұшуларына кеткен шығындарды өндіруді сұраған.
Сонымен қатар, талапкер алиментті ай сайын 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тұрақты ақшалай сомада белгілеуді өтінген.
Сот отырысында тараптар өзара келісімге келіп, бітімгершілік келісімді бекітуді соттан жазбаша түрде сұрады.
2025 жылғы 18 желтоқсандағы соттың ұйғарымымен:
Осы іс бойынша тараптар арасында жасалған бітімгершілік келісім бекітіліп, келісім шарттарына сәйкес, жауапкер Ц. талапкерге баланы емдеуге жұмсалған қосымша шығындардың 50 пайызын төлеуге, сондай-ақ кәмелетке толмаған бала толық сауығып кеткенге дейін емдеу кезеңі бойы алиментті ай сайын 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (яғни 78 640 теңге) тұрақты ақшалай сомада төлеуге міндеттенді.
Ұйғарым заңды күшіне енген жоқ.