Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті ҰБТ-ны жетілдіруге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды kazinform.
- Қазақстандық ҰБТ-ны үздік әдіснамасы мен сапасы бар халықаралық тестілеу жүйесіне айналдыру үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының қызметі аясында Educational Testing Service (ETS) дүниежүзілік текстологиялық компаниясында оқыту үшін әзірлеушілер мен сарапшылардың тізімдерін дайындау, ҰБТ-ны кезең-кезеңімен жетілдіру бойынша бес жылдық жоспарын әзірлеу және ETS компаниясымен бірлесіп ҰБТ форматын жетілдіру бойынша әдіснаманы әзірлеу жоспарланып отыр, - делінген ведомствоның Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Бұл тұрғыда министрлік 2026 жылы тестілеу форматына ешқандай өзгеріс енгізу жоспарланбағанын атап өтті.
- Барлық өзгеріс ғылыми тұрғыдан зерделеніп, шетелдік және отандық тәжірибелі маман-сарапшылар мұқият талқылайды. Білімді бағалау жүйесіндегі өзгерістер және олардың маңыздылығы, сондай-ақ нәтижелері бойынша жұмыстар түсіндіріледі, - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.