Тоқаев: Қазақстанның ресурс әлеуетін Жапонияның АЭС саласындағы үздік технологияларымен ұштастыру тың мүмкіндіктерге жол ашады

/
Тоқаев: Қазақстанның ресурс әлеуетін Жапонияның АЭС саласындағы үздік технологияларымен ұштастыру тың мүмкіндіктерге жол ашады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы бұл туралы Токиода өтіп жатқан «Орталық Азия-Жапония» саммитінде мәлімдеді.

«Ядролық энергетиканың «жасыл» экономика күн тәртібіндегі мәні зор.
Әлемдегі ядролық отынның шамамен 40 пайызын Қазақстан қамтамасыз етеді. Дүние жүзіндегі электр энергиясының 10 пайызға жуығын атом электр станциялары өндіретінін ескерсек, бұл өте маңызды.

Қазақстанның ресурс әлеуетін Жапонияның атом энергетикасы саласындағы үздік технологияларымен ұштастыру осы стратегиялық саладағы тың мүмкіндіктерге, соның ішінде инновацияларды енгізуге жол ашады.

Әсіресе, ядролық қалдықтарды басқару, ядролық қауіпсіздік, азаматтық қорғаныс салаларына жоғары санатты маман даярлау бағытындағы жобалар қызығушылық тудырады», - деді Тоқаев. 

Сондай-ақ Президент Қазақстан Жапониямен бірлескен Next-Generation SmartMining Plus жобасының іске қосылуын құптайтынын айтты.

«Орталық Азияда сирек кездесетін элементтер мен өзге де аса маңызды минералдардың мол қоры бар. Бұл әлемнің жаңа энергетикалық жүйеге көшуіне қажетті ресурс саналады.

Өңіріміз таза әрі қуат үнемдейтін өндірістерді аталған ресурстармен қамтамасыз ете алады.

Қазақстан Жапониямен қазба байлықтарды барлау, өндіру және өңдеу ісі бойынша ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі.

Бұл ретте терең өңдеуге және орнықты өндіріс тізбегін қалыптастыруға ден қоя отырып, толыққанды өнеркәсіп кластерін құруға басымдық береміз.

Сондықтан Қазақстан Жапониямен бірлескен Next-Generation SmartMining Plus жобасының іске қосылуын құптайды. Бұл бастама өндіріс үдерісін цифрландырып, экологиялық орнықтылықты арттырады», - деді Мемлекет басшысы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары