Шымкентте қаптамадағы кофені гаражда дайындаған заңсыз цех анықталды

/
Шымкентте қаптамадағы кофені гаражда дайындаған заңсыз цех анықталды
Фото: Әділет министрлігі

Антисанитариялық жағдайда "MacCoffee" 3/1 дайындаған заңсыз цехтың жұмысы әшкереленді, деп хабарлады әділет министрлігі.

Шымкент қаласында антисанитариялық жағдайда "MacCoffee" 3/1 дайындаған заңсыз цехтың жұмысы әшкереленді. Әділет органдары мен полиция департаменті бірлескен жедел тексерістің нәтижесінде цех жұмысы тоқтатылды.

"Тез еритін кофені ер адам кәдімгі гаражда дайындаған. Күмәнді сападағы шикізат дайын қаптармен сатып алынған. Анықталған орында тез еритін дайын 3/1 кофені термотігіс арқылы ыдысқа құю, орау және өзге біреудің тауар белгісін жапсыру жұмыстары жүргізілген", - деп жазылған хабарламада.

Аталған контрафактілік өнім қаладағы шағын дүкендер мен сауда нүктелері арқылы сатылған. Тексеру нәтижесінде құқық бұзушыдан "MacCoffee" 3/1 тауар белгісі бар 4000-нан астам орама бірлігі, сондай-ақ өндіріс жабдықтары (термотігіс, таразы, дайын 3/1 кофенің қаптамасы) тәркіленді.

Тәркіленген контрафактілік өнім сапа стандарттарына сәйкес келмейтіні және тұтынушылардың денсаулығы мен өміріне тікелей қауіп төндіруі мүмкін екені анықталды. Осы іске байланысты ер адамға әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Тексеру материалдары одан әрі қарау және шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары