Ұлттық ұлан қатарына Отан алдындағы борышын өтеуге келіп, өмірлік жолын әскери қызметпен байланыстыруды шешкен Балғын Айдынның тағдыры дәл осылай қалыптасты. Ол үшін мерзімді әскери қызмет бір жылдан ғана тұрмай, кәсіби және тұлғалық өсудің, саналы таңдаудың бастауы болды.
Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету міндеттерін орындаумен қатар, жас мамандардың өз арман-мақсаттарын жүзеге асыруына нақты мүмкіндіктер жасап келеді.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5513 әскери бөлімінде қызмет атқаратын ұландықтың өмір жолы – сөзіміздің айқын дәлелі.
Әскерге Талдықорған қаласынан шақыртылған 25 жастағы Балғын Айдын Тараз қаласындағы 5513 әскери бөліміне бірден кәсіби дайындықпен келді. Себебі ол — Семей медициналық университетінде алған жеті жылдық білімі мен дәрігер-терапевт дипломы бар маман еді.
Алғашқы алты айда Балғын Тараз қаласының көшелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, патрульдік қызмет атқарды. Дәл осы кезеңде әскери ортада өз білімінің қажет екенін түсініп, Балғын Айдын Ұлттық ұлан қатарында келісімшарт негізінде қызмет етуге шешім қабылдады.

Әскери бөлім басшылығы жас маманның таңдауы мен кәсіби дайындығын ескеріп, оның жауапкершілігі мен ынтасын жоғары бағалады. Бүгінде Балғын Айдын әскери бөлімнің медициналық пунктінің бастығы лауазымын атқарады.
Оның негізгі міндеті — жеке құрамның денсаулығын қадағалау, әскери қызметшілердің сауығып, қатарға тез оралуына жағдай жасау. Ол бұл міндеттерді дәрігерлік дәлдік пен әскери тәртіпті сақтай отырып, абыроймен орындап келеді.
Жақын арада Балғын Айдын өзінің ең алғашқы офицерлік әскери шенін — лейтенант алады.
Бұл оқиға — бір реттік мысал емес, ҚР ІІМ Ұлттық ұланында жолға қойылған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Мұнда мерзімді әскери қызмет кәсіби дамудың бастауы болып, түрлі мамандықтар әскердің әлеуетін нығайтатын маңызды ресурсқа айналады.
