Елімізде қай өңірге инвестиция көп тартылды – Министр жауабы

Елімізде қай өңірге инвестиция көп тартылды – Министр жауабы

​​​​​Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметінің отырысында елімізде инвестиция ең көп салынатын өңірлерді атады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Биылғы қаңтар-қарашаның қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 6,4%-ды құрады. Нақты сектордағы өсу 8,3%-ды құрады және қызмет көрсету өндірісінің 5,3%-ға өсуінен жоғары болып қалыптасты. Негізгі драйверлер көлік қызметтері, құрылыс және тау-кен өнеркәсібі. Сауда 8,8%-ға, ауыл шаруашылығы 6,1%-ға, өңдеу өнеркәсібі 5,9%-ға өсті. Ұлттық экономика министрінің мәлімдеуінше, инвестициялар өсудің факторы болып қала беруде.

«Негізгі капиталға салынған инвестициялар 13,3%-ға артып, 18,5 трлн теңгені құрады. Оның ішінде жеке инвестициялар 9,8%-ға өсті. Инвестициялардың ең жоғары өсуі болашақ сапалы өсу базасын қалыптастыратын салаларда байқалуда. Қаржы қызметінде – 82,8%-ға, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен жабдықтауда – 57,9%-ға, білім беруде – 31,6%-ға, ақпарат және байланыста – 24,5%-ға, ауыл шаруашылығында – 24,1%-ға, өңдеу өнеркәсібінде – 20,7%-ға, көлік қызметтерінде – 13,3%-ға өсу тіркелді. Инвестициялардың ең көп өсуі Ақмола, Павлодар, Жамбыл, Алматы және Ақтөбе облыстарында байқалды. Инвестициялардың төмендеуі Атырау және Қарағанды облыстарында тіркелді. Ағымдағы жылғы қаңтар-қазанда сыртқы сауда айналымы 116,3 млрд долларды құрады. Тауарлар экспорты 64,6 млрд долларды, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты 23,3 млрд долларды құрады. Тауарлардың импорты 51,7 млрд доллар. 12,9 млрд доллардан аса көлемде оң сауда балансы сақталады. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс 5,9%-ға өсті. Өсу 17 өңірде тіркелді. Ең жоғары өсу Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалды. Өндірістің төмендеуі Шығыс Қазақстан, Ақмола, Маңғыстау облыстарында тіркелді», – дейді С.Жұманғарин.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өсу көлік жасау өндірісінің 11,6%-ға, оның ішінде автомобиль жасаудың – 15,2%-ға және электр жабдықтарын жасаудың – 16,7%-ға өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Тамақ өнімдерін өндіру – 8,7%-ға, сусындар өндіру – 9,2%-ға, химия өнеркәсібі – 8,1%-ға, мұнай өңдеу өнімдері – 6,5%-ға, металл бұйымдары – 12,8%-ға, құрылыс материалдары – 7,1%-ға ұлғайды. Салалардағы инвестициялар мен өндіріс өсуінің негізгі факторларының бірі – «Бәйтерек» Холдингі тарапынан басым бағыттарды қаржылық қолдаумен қамтамасыз ету.

Министр биыл 11 айында холдинг желісі бойынша басым салаларды қаржыландыру көлемі 8 трлн теңгеден асқанын атап өтті.

«Тау-кен өнеркәсібі 9,7%-ға ұлғайып, әлі де жоғары өсу қарқынын сақтап отыр. Бұл мұнай өндірудің 14,1%-ға, табиғи газ өндірудің 16,7%-ға және көмір өндірудің 9,7%-ға артуымен байланысты. Бұл ретте металл кендерін өндіру 0,6%-ға қысқарды. Құрылыста өсу қарқыны баяулады. Құрылыс жұмыстары көлемінің өсуі 14,7%-ды құрады. Құрылыстың өсуі 19 өңірде тіркелді, бұл ретте ең жоғары өсу Алматы, Астана қалаларында, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда  және Түркістан облыстарында байқалды. Атырау облысында құрылыс жұмыстарының көлемі төмендеді. 16,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 3,9%-ға артық. Ең жоғары көрсеткіштер Жетісу, Қарағанды, Алматы, Қызылорда және Ұлытау облыстарында байқалады. Ауыл шаруашылығы маусымдық өсу кезеңіне енді. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 6,1%-ға артып, қаңтар-қазанмен салыстырғанда 0,7 пайыздық тармаққа жеделдеді. Өсу өсімдік шаруашылығындағы көлемнің 7,6%-ға ұлғаюымен қамтамасыз етілді, бұл қолайлы ауа-райы мен дәнді және майлы дақылдардың жоғары өнімділігіне байланысты.

Екінші жыл қатарынан дәнді дақылдардың рекордтық өнімі қамтамасыз етілді. Өнім көлемі –шамамен 27 млн тонна. 1 млн тонна көлемде бұршақ дақылдарының және 4,7 млн тонна көлемде майлы тұқымдардың рекордтық өнімі алынды.Мақта жинау бойынша жоғары көрсеткіштер күтілуде. Жалпы сала бойынша ең жоғары өсуді Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары көрсетті.

Барлық 7 негізгі көрсеткіш бойынша өсу 12 өңірде тіркелді. Атырау облысында 3 көрсеткіш бойынша төмендеу бар», – дейді С.Жұманғарин.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары