Моноқалаларды дамытудың кешенді жоспары экономикалық серпілістің драйвері болуға тиіс еді. Алайда іс жүзінде бұл жоспардың орындалмай қалу қаупі бар: қаржыландыру көлемі екі есеге жуық қысқарды, жүздеген жоба іске аспай қалды, ал негізгі шешімдер белгіленген мерзімде орындалмай отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бүгінде Қазақстанда жалпы саны 20 моноқала бар, онда 1,3 миллионға жуық адам тұрады. Бұл қалалардың үлесіне елдегі өнеркәсіп өндірісінің үштен бірінен астамы тиесілі болғанымен, олардың басым бөлігі жойылу алдында тұр.
Осы және өзге де мәселелер «AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің отырысында талқыланды. Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев моноқалалардың мәселелері Мемлекет басшысы тарапынан бірнеше рет көтерілгенін және бұл тақырып өңірлік саясаттағы ең өзекті бағыттардың бірі ретінде қалып отырғанын атап өтті. Ол дамудың кешенді жоспары сенімді экономикалық серпіліс құралы болуға тиіс екенін, алайда бірқатар бағыттың орындалмай тұрғанын атап өтті.
«Кешенді жоспар аясында жалпы сомасы 343,6 млрд теңгені құрайтын 315 іс-шара өткізу көзделген. Алайда өңірлер оның тек жартысына – 170,2 млрд теңгеге қол жеткізді. Әсіресе, республикалық бюджеттен қарастырылған қаржының небәрі 25 %-ы ғана бөлінгені алаңдатады. Соның салдарынан жүзге жуық іс-шара мүлде жүзеге асырылмады. Бұл – жай ғана мерзімнен кешігу емес, моноқалалардағы тұрғындардың тұрмысына тікелей әсер ететін жүйелік тиімсіздік. Бастапқы жоспарлау қате болған немесе іске асыру тетіктері түбегейлі қайта қарауды қажет етеді», – деді ол.

Партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев моноқалаларда еліміздегі өнеркәсіп өндірісінің үштен бірінен астамы орналасқанына қарамастан, онда инженерлік желілердің тозығы жеткені, жұмыс орындарының тапшылығы, көлік қолжетімділігінің төмендігі және бір кәсіпорынға тәуелділік сияқты қордаланған мәселелер бар екенін атап өтті.
«Бүгінде өңірлер бөлінген қаржыны толық игере алмай отырғанын көріп отырмыз. Мәселен, бір ғана Алтай қаласының өзінде 400 миллион теңге игерілмей тұр. Егер қаржы дұрыс пайдаланылмайтын болса, бюджетке қайтарылады. Сондықтан нысандарға барып, мердігерлермен тікелей жұмыс істеп, әрбір кезеңді қатаң бақылауға алуды талап етемін. Тәртіп орнамаған жерге қаржы ұдайы бағыттала бермейді. Индустриялық аймақтар бойынша да осындай жағдай: Премьер-Министрдің тапсырмасы болғанына қарамастан, Хромтауда жұмыс әлі де басталған жоқ. Мұндай жиынды мәселелер ашық айтылып, оның нақты шешімін табу үшін өткізіп отырмыз. Бұл – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы, сондықтан ол міндетті түрде орындалуға тиіс», – деді Ержан Жылқыбаев.
Ал Мәжіліс Төрағасының орынбасары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Альберт Раудың айтуынша, біршама инфрақұрылымдық мәселелердің шешілгеніне қарамастан, басты міндет – жаңа экономиканы іске қосу қадамы орындалған жоқ. Сондай-ақ ол көптеген негізгі жобалар қағаз жүзінде қалып отырғанын мәлімдеді. Ал мемлекет бірқатар қаланың ресурстары таусылатынын алдын ала біле тұра, уақтылы шара қабылдамауда.

«Он екі жылдық тәжірибе көрсеткендей, жекелеген жетістіктер өңір жағдайына түбегейлі өзгеріс енгізген жоқ. Біз қай жерлерде өндіріс тоқтайтынын біліп отырдық, соған қарамастан жұмыс орындарының жойылуына жол бердік. Тарифтер жыл сайын 16-19 пайызға өсіп отыр. Мұндай жағдайда инвестор тарту қиын. Президенттің моноқалалардағы тұрғын үйге қатысты тапсырмасы екі жылдан бері орындалмай келеді. Егер Үкімет нақты әрі белсенді әрекет етпесе, моноқалалар тағы да даму мүмкіндігінен айырылған аймақтарға айналуы мүмкін», – деді Мәжілістің вице-спикер.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Юлия Кучинская біртұтас мемлекеттік саясаттың жоқтығына назар аударды. Оның айтуынша, Экономика министрлігі, Өнеркәсіп министрлігі мен өңірлер бір моноқала бойынша өзара қарама-қайшы жауаптар беріп отыр. Тиісінше, бұл жүйелі жоспарлауға кедергі келтіруде. Оның айтуынша, іс-шаралардың формалды түрде орындалуы қаланың экономикалық даму перспективаларын нақты бағалауға мүмкіндік бермей отыр. Жолдар, сенімді инженерлік желілер және білікті кадрлары жоқ Степногорск қаласы мысалында, дата орталықтар салу идеясының талқылануы – соның айқын мысалы.
«Бүгінде моноқалалар «аққу, шортан һәм шаянның» күйін кешуде. Инфрақұрылым саламыз, алайда экономика қайда, кәсіпорындардың болашағы қандай, өнім қай нарыққа экспортталады, жаңа өндірісте кім жұмыс істейді деген сұрақтарға жауап жоқ. Осылайша қаңырап қалған қалалар пайда болып отыр: желілер бар, ғимараттар бар, бірақ тұрғындар жаппай көшуде. Моноқалаларды дамыту бағдарламасы сәтсіздікке ұшырады. Егер оны өңірлік жоспарларға енгізетін болсақ, бұл жұмыс ведомстволық есеп үшін емес, нақты жауапкершілікпен атқарылуға тиіс», – деді ол.

Отырыс барысында Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Қарағанды облыстары әкімдерінің орынбасарлары да баяндама жасап, өз өңірлеріндегі моноқалалардың ахуалы туралы мәлімет берді.
Отырыс қорытындысы бойынша «AMANAT» партиясы Кешенді жоспардың орындалуын күшейту, қаржыландыру тетіктерін қайта қарау, әртараптандыру жобаларын жеделдету және моноқалалардың индустриялық-инвестициялық әлеуетін кеңейту қажет екенін атап өтті. Баламалы жұмыс орындарын құруға, инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға және әлеуметтік ортаның – мектептер, ауруханалар, спорт нысандары мен тұрғын үйлердің сапасын арттыруға басты назар аударылды.
