Батыс Қазақстан облысында қолайсыз ауа райы салдарынан бірнеше елді мекен электр жарығынсыз қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әлеуметтік желіде тараған ақпарат бойынша, кеше кешке Бисен, Орда, Сайхин, Жәнібек, Казталовка ауылдары электр жарығынсыз қалған.
Түнде Бәйтерек ауданындағы бірқатар кентте, атап айтқанда Байқоңыр, Володарк және Новенькийде де жарық өшкен. Салдарынан газ қазандықтары жұмысын тоқтатқан.
Облыстық әкімдіктің ресми ақпаратында бірқатар мекемеге тапсырмалар берілгені айтылған.
"Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев энергетика саласына жауапты органдардың қатысуымен жиналыс өткізіп, ахуалды жеке бақылауына алды. Облыс әкімі өңірлік электр желілері ұйымдарына, төтенше жағдайлар қызметтеріне және жергілікті атқарушы органдарға электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету жөнінде нақты тапсырмалар берді", - дейді ведомство.
Төтенше жағдайлар туындаған жағдайда "112" бірыңғай байланыс нөміріне хабарласуларыңызды сұраймыз, дейді әкімдік.
"Қазгидромет" РМК филиалының мәліметіне сәйкес, 14 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы аумағында қолайсыз ауа райы жағдайы орнады. Өңірде көктайғақ, бұрқасын, қатты қар, тұман, сондай-ақ облыстың батысы мен солтүстігінде жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын түсуде", - делінген хабарламада.
Желдің екпіні 15–20 м/с, кей жерлерде 23–28 м/с-қа дейін жетуде. Осыған байланысты автожолдарда көктайғақ пайда болып, көріну нашарлауда, бұрқасын салдарынан жолдардың жекелеген учаскелері жабылды.
Қолайсыз ауа райына байланысты 14 желтоқсанда келесі автожол учаскелері жабық:
– Орал – Атырау тас жолы;
– Үлкен Шаған – Переметный тас жолы.
Жабылу себебі – күшті бұрқасын.
Сағат 11:30-дағы жағдай бойынша қолайсыз ауа райына байланысты облыста бірқатар республикалық маңызы бар автожол учаскелерінде барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа уақытша шектеу енгізілді.
Қозғалыс шектелген учаскелер:
– KZ07-03, км 0–158 (Қазталовка – Жәнібек);
– KZ07-05, км 1–103 (Өнеге – Сайқын);
– KZ07-06, км 4–104 (Орал – РФ шекарасы);
– KAZ12, км 189–375 (БҚО – Атырау облысы шекарасы);
– KZ07-03, км 0–201 (Чапай – Қазталовка).
Қазіргі уақытта энергетика саласының қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп, электр желілерін қалпына келтіру шараларын жүргізуде, дейді Батыс Қазақстан облысы әкімдігі