Сәні мен салтанаты жарасқан: Елордада «Ұлы дала қолөнершілер керуен көші» республикалық жәрмеңкесі өтіп жатыр

Сәні мен салтанаты жарасқан: Елордада «Ұлы дала қолөнершілер керуен көші» республикалық жәрмеңкесі өтіп жатыр
Фото: Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Астанада үш күнге жалғасатын «Ұлы дала қолөнершілер керуен көші» республикалық жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған қолөнершілер жәрмеңкесіне Тараз, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Ақмола облыстарынан 100-ге жуық шеберлер келген. Бұл жәрмеңкенің өзге жәрмеңкелерден басты ерекшелігі – шеберлер әкелген өнімдерін көрмеге қана қоймайды, сонымен қатар, подиумға шығып, жиналған көпшілікке ұсына алады. Сонымен қатар, әр аймақтан келген дизайнерлерге түрлі шеберлік сыныбына қатысып, өз идеяларын ортаға салып, пікір алмасуға тамаша мүмкіндік бар.

Ерекше қуантатыны, мұнда ұлттық киім киген ерекше балалар сән көрсетілімі өткізіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, кимешек пен қамзол киген әжелер тобын да көпшілік айрықша құрметпен қарсы алды. Ұлттық өнердің дамуына серпін беретін, әр аймақтағы қолөнер шеберлерін қолдау мақсатында өткізіліп жатқан бұл көрмеде көптеген ерекше өнімдер қолжетімді бағада сатылды.

Зиуар ЖҰМАНОВА, ҚР «Хас Шебер» отандық өнімді дамыту қауымдастығының президенті:

БҰЛ ЖАЙ ҒАНА ЖӘРМЕҢКЕ ЕМЕС

– Мұндағы тағы бір мақсат – елдегі қолөнершілердің бірлікте жұмыс істейтінін, үнемі байланыста екенін көрсету. Сонымен қатар, ұлттық құндылығымызды дәріптеу – басты мақсаттардың бірі. Бұл іс-шара тек жәрмеңке түрінде өтпейді, мұнда дарынды балалар домбыра тартады, ән шырқайды. Жай жәрмеңке секілді емес, мейлінше үлкен мереке секілді өткізіп жатырмыз. Сондай-ақ, үш күн бойы шеберлік сабақтары өтеді, аймақтан келген шеберлер бір-бірімен тәжірибе алмасады. Осылайша, олар өз өнімдерін жетілдіріп, қорларын молайта түседі. Әр дизайнер өзінің ерекше топталамарын ұсынды. Өзіңіз байқағандай, сән көрсетілімінде ең алдымен ерекше балаларды подиумға шығардық. Мұндағы мақсат – оларды қоғамды бейімдеу, ешкімнен кем емес екенін көрсету.

Шақырсақ, еліміздің түпкір-түпкірінен мыңнан астам шебер келетін еді. Бәрі де келгісі келеді, ұлттық нақышта тігілген өз өнімдерін көрсеткісі келеді. Алайда, біз шектеу қойдық. Жұмыс сапасына, ерекшелігіне қарап, іріктеп алдық. Осы орайда, ұлттық өнер десе, ішер асын жерге қоятын қолөнершілерге алғысымды білдіргім келеді. Ат терлетіп, Астанаға келіп, Тәуелсіздік күніне орайластырылған ерекше жәрмеңкеде ұлттық, ерекше нақышта тігілген бұйымдарына, жүрек жылуына, шынайы ниетіне разымын!

Ботагөз ЖАНҰЗАҚОВА, KUNTOMI инклюзивті театр және моделинг академиясының жетекшісі:

ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРДЫ ҚАНАТТАНДЫРАТЫН ЖӘРМЕҢКЕ

– Өз қызым даун синдромына шалдыққандықтан бір жыл бұрын осындай театр мен академия ашқым келді. Біз академиямыздағы балаларға ең ерекше, тартымды киімдерді кигізіп, түрлі подиумға шығамыз. Балалар ерекше болған соң, киімдердің де ерекше болғанын қалаймын. Балаларға бүгінгі сән көрсетілімі ұнады. Бәрі ду қол шапалақтады. Олар подиумда еркін жүреді. Ешкімнен қорықпады, бойында үрей жоқ, жалтақтамады. Біздің басты миссиямыз да сол. Олар ел қатарлы жүрсін, көрсін деген мақсатпен көп елге алып шығамын. Көптеген кәсіби подуимдарда өнер көрсетті. Олардың өзгелерден кем емес, олар да қарапайым балалар секілді қоғамның бір бөлшегі болсын, ешкімнен қорықпасын, басқа балалар секілді емін-еркін жүріп-тұрсын деген ниетпен осындай іс-шараларға жиі қатыстырамын. Сондықтан бүгінгі ұлттық қолөнершілер жәрмеңкесі де олардың бәрімен тең, бәрімен бірдей екенін анық көрсетті.

Данагүл САПАРҒАЛИҚЫЗЫ, дизайнер, Степногорск қаласы:

МҰНДАЙ ІС-ШАРАЛАР ЖИІ ӨТІП ТҰРСА ЕКЕН!

– Мен бұл жәрмеңкеге Степногорск қаласынан Дана деген өз брендімді көрсету үшін келіп тұрмын. Мен өзім тігемін, өзім – идея авторымын, өзім – дизайнермін. Бәрін өзім істеймін. Бұл жәрмеңкеге қазіргі жастарға үлгі ретінде джинсы матадан қазақы, әдемі ою өрнектерімізді келістіріп тіккен коллекциямды алып келдім. Ою-өрнекті тек той-томалақта емес, күнделікті де, әрі жастарға да киюге болатынын көрсеткім келді. Неге джинсы мата десеңіз, мен – төрт қыздың анасымын. Балабақша, мектепте ата-ана комитетінің жетекшісімін. Ата-аналардан «Қыздарыңызға қандай стильде киінген ұнайды?» деп жиі сұраймын. Олар «Велюрдан шаршадық, оңай кие салатын дүние болса» деді. Сондықтан джинсы дұрыс қой деп, осындай стильде киім тігуді қолға алдым. Бәріне ұнады.

Мұндай іс-шаралар көп өтсе игі. Осындай жәрмеңкелерде түрлі аймақта ұлттық қолөнерді дамытып жатқан дизайнерлер бір-бірімізден білмегенімізді сұраймыз, білгенімізді үйретеміз. Мен осында жүріп, қаншама идеяны пісіріп алдым. «Мына жерге мынадай қоссам екен», «Мынау мына жерге әдемі келеді екен» дегендей көп идея туындады. Расында мұндай жәрмеңкелердің пайдасы да, маңызы да зор.

Көпшілік Степногорскте орысша шүлдірлейтіндер ұлттық қолөнерге қызықпайды деп ойлайды, бірақ шындығында олай емес. Тұрғындарға қызық, әсіресе қазір тренд болып жатқан қазақы киімдерді көп іздейді. Тіпті, орыс ұлтының өкілдерді де қызығып алады. Осы жәрмеңкеге арнайы әзірлеген екі киімге екі орыс кісі келіп, «Астанадан келген соң прокатқа алайықшы. Жаңа жылға киеміз» деп өтініш айтты. Сондықтан біз жақта ұлттық қолөнер бұйымдарына көп адам қызығады.

Ақжаңыл ШАМРАНҚЫЗЫ, зейнеткер, Астана қаласының тұрғыны:

СӘНІ МЕН САЛТАНАТЫ ЖАРАСҚАН ІС-ШАРА

– Бүгін өтіп жатқан ерекше жәрмеңкеге арнайы келдім. Бүгін таңертеңнен бері көрсетіліп жатқан ұлттық үлгідегі киімдердің сапасын, нақышын сипаттауға сөз жетпейді. Әрі мұнда ересектермен қатар, жас бүлдіршіндердің де атсалысып жатқаны көңіл қуантты. Әсіресе, әжелер атынан шыққан сән көрсетілімі өте жақсы болды. Қадірова Сәукенайдың бастап шыққан киім үлгілері қатты ұнады. Сонымен қатар көрмедегі бұйымын ұсынып тұрғандардың ішінде Жырғау деген жас келіншектің қолынан шыққан өнімдері қатты ұнады. Өзім қолдан тігілген ерекше сөмекесін сатып алғалы тұрмын. Одан бөлек, алқа, сақина, кимешек, қамзол, тақиял, портреттер, киізден жасалған бұйымдар, бәрі, бәрі көздің жауын алады. Сәні мен салтанаты жарасқан ерекше кеш болды. Алдағы уақытта  бұдан да үлкен жерде өтіп, көп тұрғын тамашаласа екен деген тілек. Қазақтың ежелгі ою-өрнегін ұмыт қылмай, сонау жақтан ерінбей алып келген шеберлерге мың алғыс!

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары