Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ЮНЕСКО жариялаған «Сенім, өзгерістер және ертеңгі күн: 2050 жылға қажетті ғылым» тақырыбында ІІ халықаралық жас ғалымдар конгресі өткізілетінін хабарлайды.
Бұл іс-шара 2025 жылдың 10 қарашасы – Бейбітшілік пен даму мүддесіндегі Дүниежүзілік ғылым күніне орай ұйымдастырылады. ІІ халықаралық жас ғалымдар конгресі 2025 жылғы 11–12 желтоқсанда Алматы қаласында «Ғылым ордасы» ғимаратында (Шевченко 28) және Алматы қаласының 5 жоғары оқу орнының базасында өтеді.
Конгрестің мақсаттары:
• Ғылымның әртүрлі бағыттарында жас ғалымдардың ғылыми жетістіктерімен алмасуы және диалог жүргізуі үшін тұрақты платформа қалыптастыру.
• Шет елдерде табысты қызмет атқарып жүрген, ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген қазақстандық жас ғалымдардың әлеуетін отандық ғылымды дамытуға пайдалану.
• Жас ғалымдардың халықаралық және пәнаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу дағдыларын дамыту.
• Ғылыми білімді және соңғы ғылыми жетістіктерді насихаттау, жас зерттеушілердің еңбектеріне қоғам назарын аудару.
• Жас ғалымдардың кәсіби өсуіне жағдай жасау және олардың іргелі және қолданбалы зерттеулерге белсенді қатысуына ықпал ету.
• Жас ғалымдардың әлеуметтік және кәсіби өміріндегі өзекті мәселелерді талқылау және оларды шешу бойынша ұсыныстар әзірлеу.
Конгресте өз еңбектерін кең аудиторияға ұсынуға жас ғалымдар үшін тамаша мүмкіндік туады. Конгресс аясында беделді халықаралық ғылыми сыйлықтардың лауреаттарының қатысуымен пленарлық форум-сессия, бес тақырыптық ғылыми конференция, сондай-ақ Қазақстанның және шетелдің жетекші жас ғалымдары қатысатын дөңгелек үстел мен форсайт-сессия өткізу жоспарлануда.
Келесі бағыттар бойынша ғылыми конференциялар өткізіледі (12.12.2025 ж.):
1. жаратылыстану ғылымдары (ҚазҰҚПУ)
2. жер, ғарыш және коммуникациялар (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ)
3. агробиоресурстар және экология (ҚазҰАЗУ)
4. өмір және денсаулық (С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ)
5. білім беру және азаматтық қоғам (НАРХОЗ)
«Қазақстан форсайты: 2050 жылға қажет ғылым» бағыты бойынша форсайт сессия/дөңгелек үстел
Пленарлық форумда шет елдің үздік ғалымдары, әлемдік зерттеушілер, қазақстандық жетекші жас ғалымдар мен ғылыми қауымдастықтың негізгі өкілдері баяндама жасап, ғылыми пікірталас ұйымдастыру жоспарлануда.
Конгресс жұмысына мемлекеттік лауазымды тұлғалар, халықаралық деңгейдегі танымал ғалымдар (Nobel, Fields, Breakthrough, USERN лауреаттары), шетелде табысты ғылыми қызмет атқарып жүрген қазақстандық жас ғалымдар, ЮНЕСКО өкілі, Ұлттық ғылым академиясының академиктері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ЖОО ректорлары, ҒЗИ директорлары, ҚР Президентінің жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес, Ұлттық құрылтай мүшелері және еліміздің жетекші жас ғалымдары қатысады.
Конгресске 60-тан аса шет елдік ғалымдар (24 елден), жалпы саны 1 000-нан аса жас ғалымдар қатысады.
Конгресс аясындағы маңызды іс-шаралар:
• Халықаралық басылымдарда ғылыми еңбектері ең көп қолданылған Қазақстанның үздік жас ғалымдарына «қазақ ғылымының үміті» (Academy Most Cited Researcher Award) атты Академияның арнайы марапаты табысталады.
• Отандық және шетелдік жетекші ғалымдардың мастер-кластары мен воркшоптары.
• Жас ғалымдардың нетворкингі.
Сонымен қатар, ҚР Ұлттық ғылым академиясының бас холлында жас ғалымдар мен зерттеушілердің заманауи инновациялық әзірлемелерінің ғылыми-танымдық көрмесі ұйымдастырылады.
Халықаралық конгресс жұмысының нәтижесі бойынша нақты ұсыныстар жинақталып, қарар қабылданатын болады. Аса жасалған баяндамалар бойынша ІІ халықаралық жас ғалымдар конгресінің инфографикалық абстракт жинағы даярланып, Академия сайтына ілінетін болады.
Өтетін күні: 2025 жылғы 11 желтоқсан (бейсенбі), уақыты: 09:00
Өтетін орны: Алматы қаласы, Ғылым ордасы, Шевченко көшесі, 28
Аккредитация үшін: Алиханов Куантар Дауленович (+7 775 943 03 05)