Ақтөбеде із-түссіз жоғалып, денесі бір күннен кейін табылған оқушының туыстары құзырлы органдардан көмек сұрайды, деп хабарлайды turkystan.kz informburo.kz бардарламасына сілтеме жасап.
Ислам Төреғалидің ата-анасы балаларының кісі қолынан қаза тапқанына сенімді. Себебі, жеткіншектің денесінде зорлық-зомбылықтың белгілері бар дейді. Оған қоса, моншадан шыққан ұлымызды көлікпен күтіп алып, белгісіз бағытқа алып кеткені бейнебақылау камерасына түсіп қалған деп отыр.
Айгүл Кереева ұлының мәйітін көріп төбе шашы тік тұрыпты. Айтуынша, оныншы сыныптың оқушысы Ислам Төреғалидің денесі көгала қойдай көгерген. Сондықтан қайғыдан қан жұтқан отбасы баланы бәзбіреулер азаптаған деп отыр.
«Құлсарыға апарып жерлерде қарадық баланың денесінде сау тамтығы жоқ. Баланы қорлаған кәдімгідей. Не себептен қорлап тұр. Не себептен осыншама жанын алатындай кімнің көлденең алдынан өтіп кетті. Түсінбеймін. Мұрнының үсті тесілген. Құлақ шекеден, сол жақ жүрек жағынан тізесінде темірмен ұрған ба, қатты іздер бар», - дейді анасы Айгүл Кереева.
Оған қоса, жеткіншектің моншадан шығып көлікке мініп кеткен сәті бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Видеодан машина жарық шамдарын өшіріп, баланы қараңғы жерде күтіп тұрған. Бұл жазба да туыстарының көңіліне күдік ұялатыпты.
КӘМШАТ ҚОПАЕВА, тілші:
27 жастағы марқұмның көлігі Елек өзенінің осы тұсынан табылған. Машинаның ішінде жоғалған оқушының телефоны да жатыр екен. 10 сыныпта оқитын бала мен жігітті не байланыстырғанын туыстары түсіне алмай дал.
«Екі бала бір бірін танымайды. Таныса ия біздің семья білу керек еді, ия олардың семьясы білу керек еді. Бір бірімен кездессе астындағы машинасын білу керек еді. Екі жаққа да жұмбақ болып тұр. Не болғанда да бұл жерде екі баланы байланыстырып тұрған тағы біреу барма деймін артында», дейді Саматтың әкесі.
Сырлыбай Саматтың денесі де сол өзеннен бір күннен кейін табылған еді. Жас жігіт үйленбеген, өмірге құштар еді дейді жақындары. Қара жамылған қос отбасының мүшелері марқұмдардың кісі қолынан қаза тапқанына сенімді. Олар бұл істің жабулы қазан күйінде қалмауын талап етеді.
«Бейнежазбадағы автокөлік анықталды. Көлікті жүргізген ер адамның кейіннен өзеннен табылғаны белгілі болды. Алдын ала мәлімет бойынша, оның денесінен зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», дейді Ақтөбе облысы ПД-ның баспасөз қызметі.
Ислам Төреғалидің туыстары ауыр күйзеліске түскен. Анасы қазір өзге балаларын мектепке жіберуге қорқатынын айтады. Тіпті уақытша сабақтан босатып алуға мәжбүр болған.