Бүгін сағат 17:15-те Мойынты-Шығанақ учаскесінің Шешенқара–Қаражанғыл аралығында ірі теміржол апаты болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы Sn.kz ақпарат порталы жазған.
Алдын ала мәліметке сәйкес, бағыт бойымен келе жатқан жүк пойызы машинисі жолдағы теміржолшыларды байқап, шұғыл тежеу қолданған. Ол сәтте Сарышаған станциясының жол жөндеу бригадасы рельсті ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіп жатқан.
- Алайда қабылданған барлық қауіпсіздік шараларына қарамастан, апатты болдырмау мүмкін болмады. Төрт жұмысшы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды, - делінген ақпаратта.
Оқиғаның себептері мен толық мән-жайын анықтау үшін ҚТЖ Басқарма төрағасының тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Комиссияны ұлттық компанияның бас инженері басқарады. Оның құрамына «ҚТЖ - Жүк тасымалы» ЖШС және Магистральдық желі дирекциясының басшылары кірген.
Комиссия мүшелері дереу оқиға орнына барып, тергеу жұмыстарын бастап кетті.
- «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қаза тапқан қызметкерлердің отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады, - делінген ресми хабарламада.