Әлеуметтік желілер 30 жасқа дейінгі жұптардың қарым-қатынас тұрақтылығына тікелей әсер етіп жатқанын екі жылдық зерттеу дәлелдеді. Ғалымдардың айтуынша, лайк, комментарий мен стористерге келген реакция тұрақты түрде қызғаныш тудырып, бір жылдың ішінде көп жұптың айырылысуына алып келген, деп хабарлайды turkystan.kz onlinelibrary.wiley.com-ға сілтеме жасап.
Зерттеу 18-29 жас аралығындағы 322 жасты қамтыған. Қатысушылар екі жыл бойы әлеуметтік желіні қолдануы, қарым-қатынасқа деген қанағаттануы және қызғаныш деңгейі жөнінде сауалнамалар толтырған.
Мамандардың айтуынша, механизм өте қарапайым:
әлеуметтік желідегі кез келген бейтаныс адамның лайкы немесе пікірін ми «қауіп» ретінде қабылдайды, содан кейін оны «сатқындық туралы шағын сериалға» айналдырып, ол адам санасында үнемі айналып тұрады.
Зерттеу нәтижелері:
– әлеуметтік желіден туындаған қызғаныш уақыт өте күшейеді;
– қызғаныш артқан сайын жұбайын аңдып-қарау (электрондық бақылау) көбейеді;
– бір жылдан кейін мұндай мінез қарым-қатынастың сапасын айтарлықтай төмендетеді;
– бастапқы себеп – көбіне тастап кетуден қорқу (attachment anxiety), бірақ ең күшті әсерді дәл әлеуметтік желідегі қызғаныш пен серіктесті бақылау туғызады.
Ғалымдар әлеуметтік желінің плюстері де барын айтады: бірге түскен фотолар, жұп ретінде жариялау, бір-біріне онлайн қолдау көрсету қарым-қатынасты нығайтады. Бірақ, кемшілігі – қызғаныш, қажетсіз бақылау және конфликт әлдеқайда жиі кездеседі.
Зерттеушілердің пайымынша, жастарға әлеуметтік желідегі әрекеттердің психологиялық салдарына сын көзбен қарауды үйрету қажет.