Қарағанды облысы Қарабас кентінің оқушылары мектепке 3 жарым шақырым жерден жаяу келеді. Мектепке апарар жол алыстығымен қоймай, жолда зауыттар, ғимараттар мен бірнеше түрме бар. Ата- аналар балаларының қауіпсіздігіне алаңдап, жергілікті әкімдікке талай барған. Алайда мектеп оқушыларын таситын автобус шығарылмай отыр, деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Жоғары сынып оқушылары мектепке абақтылар мен зауыттардан өтіп, әрең жетеді. Ал кішкентай балаларды ата-аналар кезекпен әкеліп, әкетеді. Кейде такси жалдайды.
"Қызым бірінші сыныпта оқиды. Алып келіп, әкетіп тұрам. Жұмыс күні "көршілерден кім бос" деп адам іздеп қиналамыз. Бірінші сабаққа үнемі кешігеміз. Балалар не білім алады, білмеймін", - дейді Қарабас кентінің тұрғыны Айдос Жүркенов.
Балалар Абай ауданынан Қарабасқа қатынайтын шағын автобусқа мінуге тырысады. Бірақ 20 адамдық көлікке көбі сыймай қалады.
"Мысалы мен қысылып, сыймай қалдым. Қолымды ауыртып алдым. Сондай жағдайлар болды", - дейді оқушы Інжу Зұлпыхар.
Жарнама
"Қазір күн жылы, күн суытқанда қалай болатыны белгісіз. Балалар сыймағандықтан, қалып қояды. Өзіміз ақшасын төлеп, таксимен әкелеміз", - дейді тұрғындардың бірі Ақбөпе Уай.
Негізі мектеп автобусы бар. Бірақ оны жүргізетін адам жоқ. Жалақысы небәрі 100 мың теңге болған соң ешкім келмейтін көрінеді.
"Бізде жүргізуші жоқ. Барлық жерге хабарлама бердік. Enbek.kz-те вакансия тұр. Әкімдік, бәрі біледі. Әкімдер де сұрастырып жатыр", - дейді мектеп директорының шаруашылық бойынша орынбасары Нұрбол Айқожин.
"Бұл сұрақпен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы айналысып жатыр. Абай аудандық мансап орталығына тапсырыс бердік. Жүргізуші іздеп жатырмыз. Бірақ аз жалақыға ешкім келмей жатыр", - дейді Қарабас кенті әкімдігінің бас маманы Владимир Алексеев.
Бірнеше жыл бұрын ауылға мектеп автобусын сатып алған кезде оны жүргізетін адамның жалақысы ескерілмеген. Енді, міне, автобус аулада бос тұр. Ал балалар бұрынғыдай қиналып жүр.