Сауда министрлігі Ақтөбедегі тұз бағасына қатысты мәлімдеме жасады

/
Сауда министрлігі Ақтөбедегі тұз бағасына қатысты мәлімдеме жасады
istockphoto

Сауда және интеграция министрлігі Ақтөбедегі тұз бағасына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ведомствоның мәліметінше, сауда желілерінің сөрелерінде негізінен отандық өндірушілер «Аралтұз» және «Ассоль», сондай-ақ Ресейде өндірілген «Илецкая» тұздарының өнімдері сатылуда.

«Анвар» және «Дина» сауда желілері басшылығының мәліметінше, биылғы жылдың 3 желтоқсанында олардың қоймаларына әрқайсысы 120 тоннадан бір-бір вагон тұз жеткізілді. Бұл өңірдің орташа айлық қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. Келіп түскен өнім бөлшек сауда нысандары арасында таратылуда. Бұдан бөлек, жолда тағы да екі вагон (120 тонна) тұз келіп жатыр, олар келесі апта келеді, - делінген ведомство таратқан хабарламада.

Сондай-ақ министрлік қазіргі уақытта Ресейде өндірілген тұзды теміржол көлігімен тасымалдауда туындаған қиындықтарға байланысты оның жеткізілімінде кідірістер барын атап өтті.

Жалпы, қолдағы бар қор мен жоспарланған отандық өнім жеткізілімі өңірдің тұзға деген қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Аралтұз» тұзының көтерме бағасы – 85 тг, бөлшек саудадағы бағасы – 97 тг.
«Ассоль» тұзының көтерме бағасы – 54 тг, бөлшек бағасы – 62 тг.
«Илецкая» тұзының көтерме бағасы – 48 тг, бөлшек бағасы – 51 тг.

Соңғы уақытта тұздың бөлшек бағасы өзгерген жоқ.

Айта кетерлігі, өңір халқының тұзға деген жылдық қажеттілігі – 1 390 тонна, орташа айлық қажеттілік – 116 тонна.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары