Енді жеке меншік білім беру ұйымына атау беруді жергілікті ономастика комиссиясымен келісу қажет – Елерке Төрехан

Енді жеке меншік білім беру ұйымына атау беруді жергілікті ономастика комиссиясымен келісу қажет – Елерке Төрехан

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Түзетулердің бірнеше блогы білім беру мен мәдениет саласындағы бірқатар мәселені шешуге бағытталған. Осы ретте Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив,  құжаттама және кітап ісі комитеті Ономастикалық жұмыс басқармасының басшысы Елерке Төрехан аталған заңдағы маңызды өзгерістерге тоқталып өтті.

«Мемлекет Басшысының Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда «Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу белең алып барады. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді».

Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда: «Жекеменшік нысандарға атау бергенде де жүгенсіздік болмауы керек. Кейде қала көшелерінде айтуға ыңғайсыз атауы бар тақтайшалар ілулі тұрады. Сондықтан кәсіпкерлердің де ономастика мәселесіне жауапкершілікпен қарағаны жөн – деп атап өтті. Осы ретте, Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жекеменшік білім беру ұйымдарына атау (тұлға есімі) беру кезінде олардың атауларын облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың ономастика комиссияларымен келісу бойынша заңнамалық норма қарастырып отыр.

Аталған нормалар күні кеше Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы арқылы қолданыстағы «ҚР Тіл туралы» ҚР Заңының 25-1 бабына сондай-ақ ҚР «Білім туралы» Заңының 42-бабына «Жекеменшік білім беру ұйымдары тұлғалардың жеке есімдерін беру және оларды қайта атау барысында облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика  комиссиясымен келіседі.» - деген жаңа тармақпен толықтыру енгізіліп отыр», – дейді басқарма басшысы.

Елерке Төреханның айтуынша, жекеменшік білім беру объектілеріне атау беру барысында көзі тірі адамдардың не болмаса танымал емес кісі есімдерінің берілуі де кездесіп жатады.

«Кей жағдайда атауларында кісі есімдерінің толық жазылмауы, бас әріптермен қысқартылып (инициал) қате жазылуы жиі кездеседі. Мысалы, Ш. Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университеті деп көрсетілген. Министрліктің ұсынысымен Шерхан Мұртаза деп аты-жөні толық жазылып, өзгертілді.

Жаңа нормаға сәйкес, ендігі кезекте жеке меншік білім беру ұйымдарына атау беру және олардың атауын өзгерткен жағдайда облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың ономастика комиссиясымен келісу міндеттеледі. Бұл жеке меншік білім беру ұйымдарына кісі есімдерін беру барысында олқылықтарға жол берілмей, қолданыстағы ономастикалық жұмыстардың критерийлеріне сәйкес берілетін болады. Сонымен бірге, тілдік нормаға сәйкес қатесіз жазылуын  қамтамасыз ететін болады», – дейді Е.Төрехан.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары