Шымкент қалалық перинаталдық орталығының дәрігерлері жүктіліктің 26 аптасында дүниеге келген, салмағы небәрі 705 грамм сәбидің өмірін аман сақтап қалды.
Дәрігерлердің айтуынша, анасы ауыр преэклампсиядан зардап шеккендіктен, жүктілік мерзімінен бұрын аяқталған.
Өте аз салмақпен туған сәбидің алғашқы 56 күні жансақтау бөлімінде дәрігерлердің жіті бақылауында болды. Ақ желеңділер 75 күн бойы баланың өмірі үшін күресіп, заманауи медициналық технологиялар мен дәрілік препараттарды қолданды. Қазіргі таңда Мұхаммад-Мустафа есімді сәби 2350 грамм салмақпен үйіне шығарылды. Ол отбасындағы екінші бала.
– Аз салмақпен туған балалардың өмірін сақтау үшін ана мен дәрігерлер қаншама ұйқысыз түндерді өткізеді. Біз үшін әрбір баланың аман қалуы – үлкен жеңіс. Шала және өте аз салмақпен туған балаларды емдеуде жоғары технологиялық жабдықтар мен заманауи дәрі-дәрмектер қолданылады. Барлық медициналық көмек МӘМС жүйесі арқылы көрсетіледі, – деді қалалық перинаталдық орталықтың дәрігер-неонатологы Сапаргүл Қожабаева.
Жыл басынан бері орталықта 38 шақалақ өте төмен салмақпен дүниеге келген. Мұндай сәбилердің өмірін сақтау тек кәсіби біліктілік пен заманауи медициналық құралдардың арқасында ғана мүмкін.