«Елдос Колобок» лақап атымен танымал Елдос Кәдірханов Аман Тасығанға сұхбат беріп, алғаш рет әке атанғандағы әсерін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Балам таңғы 08:29-да дүниеге келді. Сол кезде телефонымды дыбыссыз режимге қойдым, содан үш күн ашқан жоқпын. Балам мен келіншегімнің бетіне қарап отырдым. Керек заттарын тасыдым. Қазір үйрендік. Үйде жай сөйлесеміз. Балам ұйықтағанда, әйелімді де ұйықтатамын. Бақыт деген – төрт құбылаң тең болса одан асқан бақыт жоқ деп ойлаймын. Саналы, сауатты келіншегім бар. Арада махаббат бар. Енді ұрпағымды жалғайтын мұрагерім бар. Қазіргі бар ойымыз сол баланың амандығы. Мен негізі қыз болады деп ойлағанмын. Мамамның рұқсатымен Әлем деп есімін өзім қойдым. Інімнің екі баласы бар ғой. Есім қою мәселесін отбасымызда талқыға салып, жеребе тартып, сөйтіп қоятынбыз. Осы жолы мамамнан рұқсат сұрап, өзім қояйын дедім. Келіншегіме Мұхаммед Әли деген есім ұнады. Үйдегілерге Хан деген есім ұнады. Бізді танитын әлем, туған-туыс, дос-жаран, ел-жұрт бізге тілектес болды ғой. Сол әлемге келіп жатқан ұлымыздың есімі Әлем болсын, әлемге аты шығатын, әлемді аралайтын мықты жігіт болсын деп Әлем қойдым. Мен ішінде болдым. Туып жатқан кезін көрген жоқпын. «Көрмегеніңіз дұрыс, кейін құлап қаласыз» деді. Мен де оны көруге қызыққан жоқпын. Баланы туғаннан кейін әкелсеңдер болады дедім. Ұлымды қолыма алған сәтте айналада не болып жатқанына қарағам жоқ. Бір жылап алдым», - дейді ол.