ҚР Жоғары аудиторлық палатасы «Самұрық-Қазына» АҚ мен оның еншілес ұйымдарындағы мемлекеттік активтердің пайдаланылу тиімділігіне аудит жүргізіп, стратегиялық басқару жүйесін бағалады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тексеру шаралары Қордың корпоративтік орталық ретіндегі қызметін, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп», «Samruk-Kazyna Ondeu» және басқа да бірқатар компанияны қамтыды. Жалпы 18 заңды тұлғада аудит жүргізілді, сонымен қатар Парламент депутаттары мен қоғам тарапынан келіп түскен сауалдар ескерілді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қордың компаниялар тобының кірісі 16,5 трлн теңгені, ал холдингтің компаниялар тобының шоғырландырылған таза пайдасы 2,4 трлн теңгені құрады.
Аудит қамтыған кезеңде холдинг мемлекетке 2,37 трлн теңге төлеген, оның 779,9 млрд теңгесі дивидендтер түрінде, 1,6 трлн теңгесі активтерді бәсекелестік ортаға беру есебінен аударылды.
Бұл төлемдерге қосымша Қор тағы 673 млрд теңгеге ҚР Президенті мен Үкіметінің тапсырмаларын іске асырды.
Сонымен бірге аудиторлар Қордың компаниялар тобындағы стратегиялық жоспарлау мен басқарудағы кемшіліктерді анықтады.
2018-2021 жылдарға арналған Қорды трансформациялау бағдарламасының 8 компанияны шетелдік аналогтардың тиімділік деңгейіне шығару мақсаты орындалмаған. Бағдарламадан түскен нақты пайда көлемі 154,5 млрд теңге, яғни жоспарланған мөлшерден екі есе төмен.
Қордағы корпоративтік басқару деңгейінің жеткіліксіздігі байқалды. Атап айтқанда, стратегиялық құжаттарды тиісінше әзірлемеу, жоспарлы көрсеткіштерді төмендету фактілері орын алған, холдингтің Даму жоспарының орындалуына бақылауды күшейту қажет.
7 ақпараттық жүйенің ішінде Қор тек 4 жүйені пайдаланады. Басқарушылық есеп жүйесі (SAP BPC) дұрыс жұмыс істемейді, ал бірқатар компания бойынша қаржылық есеп қолмен жүргізіледі.
«Самұрық-Қазынада» ішкі нормативтік құжаттарды жүйелеуге жеткілікті көңіл бөлінбейді. Олардың шамамен 15%-ы қолданылмайды, қайта қарауды немесе күшін жоюды талап етеді.
«Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесі жанындағы 5 комитеттің 3-еуі (стратегия жөніндегі, Трансформация бағдарламасының орындалуын бақылау жөніндегі, мамандандырылған комитет) жұмыс істемейді. Ал Қор Басқармасы жанындағы 7 комитеттің 2024 жылдан бері 2-еуі (жаңғырту және тұрақты даму жөніндегі) жұмыс істемейді.
Нәтижесінде холдингтің құрылымы тым күрделі күйге жеткен. Қор тобына 6 деңгейге бөлінген 326 компания кіреді. 2020-2024 жылдары Қор тобында 23 белсенді емес компания болған, ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша 41 компания шығынмен аяқтаған. Бұл активтер құрылымын оңтайландырудың және оларды тиімді басқарудың маңызды әлеуетін көрсетеді.
Сондай-ақ инвестициялық жобалардың іске асырылуын бақылауды түбегейлі күшейту қажет, себебі 2020 жылдан 2024 жылғы 30 қыркүйекке дейін Қор тобының 175 жобасының тек 49-ы ғана аяқталған.
Жалпы аудит қорытындысы бойынша:
351,8 млн теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар;
122,2 млрд теңге сомасында тиімсіз жоспарлау және қаражатты пайдалану фактілері анықталды;
119 жүйелік кемшілік тіркелді.
Бірқатар материал әкімшілік іс қозғау үшін жолданды, ал анықталған жекелеген бұзушылықтар бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді.