Ғажап композитор кеші

Ғажап композитор кеші

Астана аспанында кеше Ақтөбеден жеткен әдемі әндер әуеледі. Қазақстан Республикасы Композиторлар одағының мүшесі, сазгер, Мәдениет саласының үздігі, республикалық ән байқауларының жүлдегері, биыл ғана 45 жасқа толған Дулат Айтжановтың шығармашылық ән кеші батыр қыз Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай «Әлия – дастан» деп аталды. Елордадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясындағы концерт аншлагпен өтті.

Кеш алдында концертке қатысатын әншілер халықпен тілдесіп, қызыл кілем арқылы жүріп өтті, әсерін бөлісті.

Қазақ өнерінің майталмандары, күміс көмей әншілер Майра Ілиясова, Нұрлан Өнербаев, Ұлықпан Жолдасов, Қанат пен Светлана Айтбаевтар, Мирас пен Құралай Бекжановтар, Медет пен Клара, Марат Әйтімов, Орал-Қосай Байсеңгір-Нұргүл Тілегенова, Аллаберген Жақсыбаев, Рита Рим, Арайлым Рақымқызы, Жұлдыз Нұрқасымова, жас, талантты әншілер Фарида Жолдасова, Сезім Оралқызы және Ғ.Жұбанов атындағы облыстық филармонияның басқа да әншілері өнер көрсетті.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Арайлым Рақымқызы –кештің ұйымдастырушысы продюсері, шебер үйлестірушісі ретінде жарқырап көрінді. Сахнаның безендірілуі, сценарийі, жүргізушілер зор талғаммен таңдалған. Есті әнді, әсем әуенді тыңдағысы келген астаналықтар, кеш қонақтары залдың ғажайып атмосферасынан шыға алмай, әр ән біткенде ұзақ қол шапалақтаумен болды. Керемет әсер сыйлады.

Кеш шымылдығы Дулат пен Ританың орындауында сөзін Орал-Қосай Байсеңгір жазған Дулат Айтжановтың «Ақтөбе-құтты мекенім» әнімен басталды. Әуезді әуенді жарқыраған ALEM би театры әрлеп, мың бұралған биімен айшықтай түсті.

Мирас пен Құралай Бекжановтар патриоттық рухтағы «Жаса, Қазақстан!» әнімен сахнаға Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің 22 кадетімен бірге жұлдыздай жарқырап шыққанда залда қол соғып, қошеметтемеген адам қалмады... Керемет ән рухымызды көтеріп, ғажап ән жүректерде жатталды. Квартет болып орындалған «Раушан гүлім» әні жүрегімізді шым-шым қозғап, сағынышымызды маздатты. Кешті қорытындылаған алты әнші орындаған «Әлия-дастан» әні ақтөбеліктердің ғана емес, бар қазақтың рухын көтеріп, абыройын аспандататын әнге айналды.

Бауырға, досқа, анаға, жерге деген сағынышы, сезімі өлең болып өріліп, ән болып шарықтаған Дулаттың әндерін тыңдап шыққасын әдемі ән әлемінен келгендей әсерлендік. Талантты композитордың талабына сүйсіндік, өнерінің жалғасты болуын, тамаша дүниелердің өмірге келуін тіледік.

Дулат Айтжанов – ағайынды Жұбановтарды, Айтбаевтарды, қазағымның талай мықтысын дүниеге әкелген қасиетті Мұғалжар өңірінің тумасы. Әндері көбіне лирикалық бағытта болып келеді.

- Дулаттың әндері нағыз махаббатты, елге, анаға, жарға деген әдемі сезімдерді суреттейді. Оның кең тараған «Сағыныш сазы» әні — студент жастардың әнұранына айналғаны расында да мәртебе ғой! Соңғы кезде Дулаттың орыс тілінде жазылған әндері де ел аясынан асып, көршілес елдерде де шырқалып жүр, бұл да — үлкен қуаныш, - дейді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева.

Дулаттың әндері жүректерді тербейді. Жүректен шыққан әуен жүректерге жететіні әмбеге аян. Үлкен де, кіші де оның сырлы сазға толы әндерін сүйіп айтады. Қазіргі жастардың тыңдайтын әуендері басқаша ғой, Дулат Айтжанов сонау ертеден келе жатқан дәстүрлі бағытты, классикалық туындылардың төрге озғанын қалайтын өнер иесі. Бүгінде ол Ақтөбе қаласындағы Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда музыка көркемдеушісі ретінде қызмет атқарады. Филармония әншілерінің әндерін көркемдеп, аранжировкасын жасайды. Жақсы сөз, ғажап өлең көрсе, әдемі табиғатты сезінсе, елге, анаға, жарға, перзентке деген махаббат әуен болып көмейіне оралады, көпшілікке ән болып жетеді.

Бүгінде киелі сахнада Дулаттың әндері жиі орындалады. Кезінде Нұрлан мен Мұраттың репертуарындағы Дулаттың «Ауылға» деген әнін, «Заман» тобының орындауындағы «Ғашықпын» әнінтыңдарман ықыласпен қабылдады. Бүгінде оның шығармаларын Ұлықпан Жолдасов, Қанат-Светлана Айтбаевтар, Мирас-Құралай Бекжановтар, Тамара Асар сияқты танымал өнер жұлдыздары орындап жүр.

Дулат Айтжанов Астана туралы, Ақтөбе жайлы бірнеше әннің авторы. Бүгінде оның «Нұрлы Астана» (сөзін ақын Оңталап Базаралынікі), «Ән-Астана» (сөзі Талант Арғынғалидікі) әндерін белгілі әншілер Марат Әйтімов, Жұлдыз Нұрқасымова, жас әншілер Айбат Махашов пен Ақторғын Әминовалар орындап жүр. «Ән-Астана» әні облыстық «Әнім сенсің — Астана» ән байқауында «Ең үздік ән» номинациясына ие болған.

Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының солисі Айбат Махашов Дулаттың «Нұрлы Астана» әнімен бірге, Талғат Тілеулесовтің сөзіне жазылған Нұрталап Жүсіповтің «Ғажап Астана» әнін де үлкен сахналарда жиі орындалатын әуезді әуендердің бірі.

Дулаттың композиторлығы бір бөлек, әншілігі бір бөлек дүние. Әнші жары Ритамен бірге қол ұстасып, қазақтың тамаша әндерін үлкен сахналарда шырқап, халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген өнер майталмандары. Тәрбиелі ұл, қылықты қыз өсіріп отырған өнегелі отбасының иелері. Мұндайда достық тілекпен, жанашыр көрерменнің лебізімен “Әнің де, сәнің де, өмір жолындағы дастаның да таусылмасын, жақсы әуендерің қазағымның аспанында әуелей берсін!” деген тілек айтқымыз келеді!

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары