Қазақстанда медицина қызметкерлеріне күш қолданғандарға жаза күшейеді

/
Қазақстанда медицина қызметкерлеріне күш қолданғандарға жаза күшейеді
istockphoto.com

Мәжіліс Мемлекет басшысының медициналық қызметкерлерді қатыгездік пен физикалық агрессиядан қорғау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында депутаттар әзірлеген Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге енгізілетін түзетулер топтамасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Заң жобасы дәрігерлердің, сондай-ақ қызметтік міндеттерін атқарып жүрген жедел жәрдем бригадалары жүргізушілерінің өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұққаны үшін жауапкершілік белгілейтін жаңа бапты Қылмыстық кодекске енгізуді көздейді.

Жобаға сәйкес, өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолдану немесе мұндай күш қолданамын деп қорқыту үшін 500-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салу, дәл осы көлемде түзеу жұмыстары, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе үш жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы ұсынылады. Ауырлататын мән-жайларда жаза күшейтіледі – үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру.

Өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданғаны үшін бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер қылмыс ауырлататын мән-жайларда жасалса, жаза мерзімі жеті жылдан он екі жылға дейін ұлғаяды.

Бұдан бөлек, түзетулер ішкі істер органдарына осы санаттағы қылмыстар бойынша алдын ала тергеу мен анықтау жүргізу құзыретін бекітеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары