Өскемен қаласының полициясы осыған дейін із-түссіз жоғалған деп хабарланған екі тұрғынның орналасқан жерін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бірінші хабарлама "102" арнасына 3 қараша күні, екіншісі 8 қараша күні түскен. Екі жағдайда да полицияға көмек сұрап жоғалған ер адамдардың жұбайлары жүгінген, олар өз жақындарының ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпай, үйге оралмағандарын, алаңдайтындарын айтқан.
Бір жағдайда ер адам үйден шығар алдында анасынан ақша алып, жоғалып кеткен. Екінші жағдайда азамат таксимен Павлодар қаласына кетіп, туыстарымен байланысын үзген.
Іздестіру іс-шараларын ұйымдастыру үшін Өскемен қаласы ПБ қызметкерлерінен жедел тергеу тобы құрылып, олар ер адамдардың орналасқан жерін анықтады.
Жоғалғандардың екеуі де Алматы қаласынан табылды. Қазіргі уақытта олардың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Полиция жақын адамыңыз жоғалған жағдайда ішкі істер органдарына дереу хабарлау қажет екенін еске салды.