Астанада аялдаманы қиратып кеткендер 10 тәулікке қамалды

/
Астанада аялдаманы қиратып кеткендер 10 тәулікке қамалды
istockphoto

Астанада вандализм мен қоғамдық тәртіпті бұзушылыққа қарсы күрес жалғасуда. Қала әкімдігі хабарлағандай, құқық қорғау органдары аялдама павильонын қиратып кеткен үш жас жігітті анықтап, жауапқа тартты.

Түнгі уақытта аялдамада орынсыз әрекет жасап, шу шығарған жастардың бірі екіншісін итеріп жіберген. Құлап бара жатып ол павильонның шыны есігін сындырған. Оқиға орнына жеткен полиция тәртіп бұзушыларды жақын маңдағы аулалардың бірінен тауып, бөлімшеге жеткізді.

Сот шешімімен екі адам бөтеннің мүлкін бүлдіргені үшін 10 тәулікке қамауға алынды. Үшінші адам түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция өкілдері қалада орнатылып жатқан жылы аялдамалардың тұрғындар үшін жасалғанын еске салып, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауға шақырды. Вандализмнің кез келген түрі заң бойынша жауапкершілікке әкелетіні атап өтілді.

Елордада «Заң және тәртіп» қағидаты аясында қоғамдық тәртіпті бұзушылықпен күрес күшейтіліп отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары