Маңғыстаулық оқушылар Италия елінің Рим қаласында өткен «Fibonacci International Robot Olympiad» халықаралық чемпионатында жүлделі орынға ие болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, жарысқа әлемнің 14 елінен Италия, Финляндия, Румыния, Германия, Испания, Дания, Норвегия, Швеция, Әзербайжан, Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Филиппиндер келген дарынды оқушылар қатысты.
Байрақты бәскеде Маңғыстау облысының оқушылары жетекшісімен бірге өз шеберліктері мен білімдерін дәлелдеп, үздік нәтижелерге қол жеткізді.
Нәтижесінде 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль иеленді. Атап айтсақ, Жаңаөзен қаласы «Жаңа толқын» мектеп-лицейінің 5-сынып оқушылары Зинулла Абдул Мансур және Ақмұрад Алдияр «Line Following» санаты бойынша І орын және «Lego Sumo» санаты бойынша ІІІ орынды иеленді.
Сондай-ақ, оқушылардың жетекшісі - №23 мектептің информатика пәні мұғалімі Мұхит Әлібек мұғалімдер арасындағы «Line Following» санатында ІІ орын алды.
Бұл жетістік - Маңғыстау мұғалімдері мен оқушыларының халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін тағы бір мәрте көрсетті.
