Елімізде әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне тағы 23 түрі енгізілуі мүмкін

/
Елімізде әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне тағы 23 түрі енгізілуі мүмкін
istockphoto

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесі кеңейтілу мүмкін. Бұл туралы Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова мәлімдеді, деп үкіметтің баспасөз қызметі.

Инфляцияны тұрақтандыру мәселелері жөніндегі кезекті кеңес барысында әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесін кеңейту мүмкіндігін қарастыру мақсатында азық-түлік себетіне жүргізілген талдаудың алдын ала нәтижелері ұсынылды.

Қарашаның үшінші аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы өзгеріссіз қалды.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, қазан айында азық-түлік инфляциясына ең жоғары үлес қосқан өнімдер қатарында қызанақ (15,8%), тартылған ет (3%), сүйексіз сиыр еті (2,2%), сүйекті жылқы еті (1,5%), қияр (7,4%), балық (2,6%), банан (2,8%) және басқа да өнімдер бар. Сонымен бірге, жылдық көрсеткіш бойынша (өткен жылғы 10 аймен салыстырғанда) қызанақ 36,6%-ға, қияр 43,4%-ға арзандаған.

"Барлық өңірдің азық-түлік инфляциясына қатысты талдауы нәтижесінде баға өсіміне ең көп ықпал етіп отырған, алайда әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесіне кірмейтін 30 тауар анықталды. Олардың ішінде түрлі ет, балық, алмұрт, алма, лимон, шай, сыр, суықтай қақталған скумбрия, банан, қызанақ, қияр және басқа да азық-түлік тауарлары бар. Бұл өнімдердің арасында импорт үлесі жоғары тауарлар да, көбіне айлық инфляцияға әсер етіп, жылдық инфляцияға айтарлықтай ықпал етпейтін позициялар да кездеседі. Осы тізімнің ішінен әлеуетті түрде әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына енгізуге болатын 23 позиция іріктелді. Ендігі міндет – бұл ұсыныстарды бизнес өкілдерімен талқылау", - деді Айжан Бижанова.

Тізбенің кеңейтілуі кәсіпкерлер үшін бірқатар міндеттеме орындауды талап етеді. Мәселен, мәмілелер ашықтығын қамтамасыз ету, шарттарды рәсімдеу, шот-фактуралар мен фискалдық чектерді уақтылы шығару, сондай-ақ заңнамада белгіленген 15%-дан аспайтын сауда үстемесін сақтау.

Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин Сауда және интеграция министрлігіне бизнес-қоғамдастықпен, салалық қауымдастықтармен және "Атамекен" ҰКП-мен әрбір ұсынылған позицияны жеке талқылауды, сондай-ақ импорт құрылымына қосымша талдау жүргізуді тапсырды. Тиісті консультациялар толық аяқталғаннан кейін ғана түпкілікті шешім қабылданады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары