Түркияның әскери жоғары оқу орнында қазақстандық офицерге арналған ескерткіш тақта ашылды

/
Түркияның әскери жоғары оқу орнында қазақстандық офицерге арналған ескерткіш тақта ашылды
Gov.kz

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Түркияға ресми сапары барысында Анкарадағы Түркия Құрлық әскерлері әскери институтына барды.

Оқу орнында ол әскери борышын атқару барысында қаза тапқан қазақстандық бітімгерге арналған мемориалдық тақтаны ашып, сонда білім алып жатқан қазақстандық курсанттармен кездесті.

Институт бастығы генерал-майор Левент Сабахаттин қазақстандық делегацияны оқу орнының қызметімен, оның қалыптасу тарихымен, оқу бағдарламаларымен және офицерлік кадрларды даярлау тәсілдерімен таныстырды.

Ол институттың Түркия Республикасындағы ең көне әскери оқу орындарының бірі екенін және құрлық әскерлері үшін кәсіби командалық құрамды қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің офицері, Ирактағы бітімгерлік миссияны орындау кезінде қаза тапқан капитан Қайрат Құдабаевқа арналған ескерткіш тақтаның ашылуына офицердің жұбайы мен екі қызы қатысты. Жиналғандар бітімгердің рухына бір минут үнсіздікпен құрмет көрсетті.

– Ескерткіш тақтаның дәл осы әскери оқу орнында ашылуы бекер емес. Қайрат Құдабаев осы институттың түлегі. Қазақстандық офицер жарылыс кезінде өз денесімен жарылған оқ-дәрілерді жауып, жолдастарын аман алып қалды. Ерлігі үшін ол I дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды, – деді Қорғаныс министрі.

Авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Құрлық әскерлері әскери институтында білім алып жатқан қазақстандық курсанттармен кездесті. Олардың оқу және тұрмыс жағдайларын, қамтамасыз етілу деңгейін зерделеп, өзекті мәселелерді талқылап, оқу үлгерімімен танысты. Курсанттар оқу үдерісінің жоғары қарқындылығын, заманауи материалдық базаға қол жеткізу мүмкіндігін және басшылық тарапынан көрсетілетін қолдауды атап өтті.

Кездесу барысында министр қазақстандық әскери қызметшілерді шет елдерде даярлау ұлттық армияның кадрлық әлеуетін нығайтуға ықпал ететінін және үздік халықаралық тәжірибені меңгеруге мүмкіндік беретінін айтты. Министр Түркияда алынған білім мен дағдылар Қазақстан Қарулы күштерінде болашақта командирлік лауазымдарда қызмет ету барысында қажет болатынын ерекше атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары