«Гонконг» тұмауы немесе H3N2: бұл вирусты инфекция несімен қауіпті

/
«Гонконг» тұмауы немесе H3N2: бұл вирусты инфекция несімен қауіпті
istockphoto

Гонконг тұмауы немесе H3N2 туралы не білеміз, одан сақтану жолы қандай. Sputnik Қазақстан тілшісі маман кеңесін тыңдап көрді.

"Сақтанғанды Құдай да сақтайды", ал сіз қаншалықты өзіңізге күтім жасап, аяқ асты жұғатын жұқпалы вирустан сақтанып жүрсіз? Қазақстанның бірнеше аймағы жөтел, дене қызуы, жүрек айну сияқты түсініксіз симптомнан зардап шегіп жатыр. Аузы күйген, үрлеп ішедінің кері - ковидтен мезі болған халық әр нәрсеге үрке қарайды. Қазір ел арасында Гонконг немесе H3N2 тұмауы туралы жиі айтылып жүр. Қауесет пе, ақиқат па? Рас болса бұл тұмаудан сақтану жолы қандай, маман кеңесін тыңдап көрелік.

"Гонконг" немесе H3N2 тұмауына үрке қараудың қажеті жоқ

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев "Гонконг" немесе H3N2 тұмауының барын растады. Десе де бұл тұмауға үрке қараудың қажеті жоқ, дейді ол.

"Жалпы тұмаудың А және Б типі деп бөлінеді. Гонконг тұмауы А типіне жатады.Бұл тұмаудың басқа тұмаумен симпомдары бір. Бірақ ауырған адамға Гонконг тұмауы қатты әсер етеді. Негізі Гонконг тұмауы жақында пайда болған немесе тың вирус емес. 1968 жылы Гонконг қаласында осы тұмау пайда болғанда солай аталып кеткен. Ал медициналық термині H3N2", - дейді Жасұлан Алпысбаев.

Гонконг тұмауының симптомдары: дене қызуы жоғарылап, ол күй бірнеше күнге созылады. Жөтел қысып, бұлшық еттері құрысады.Бұл тұмаудың ерекшелігі дене қызуының 38 градусқа дейін бірнеше күн қайталануы.

Бұл тұмаудан әсіресе кімдер сақтануы керек

Бұл тұмау әсіресе жүкті аналарға, егде жастағы кісілерге және 2-5 жас аралығындағы балаларға қиынға соғып жатыр. Осы санатта азаматтар барынша сақтану керек.

"Созылмалы аурулары бар адамдарға күрделі тиіп, қиынға соғуы мүмкін. Асқынып кету қаупі де бар. Қазан айы мен келесі жылдың сәуір айына дейін адамдар көп шоғырланатын жерге барудың қажеті жоқ. Барынша мұндай орындардан сақтану керек, егер барған жағдайда тек бетпердемен жүру керек", - дейді басқарма басшысы.

Бірден дәрігерге жүгініңіз

Үйіңізді ылғалдандырып, жиі тазалап тұру керек. Өйткені, 60% жағдайда жұқпалы вирустан сақтануды жолы осы.

"Антисептиктерді жиі пайдаланыңыз. Тамақтануға да жақсы көңіл бөліңіз, қайнаған суды жиі ішіңіз. Спортпен айналысу да артық етпейді. С витамині сияқты дәрумендерді пайдаланыңыз. Қоғамда биобелсенді қоспалар деп жатады, оларды пайдаланбас бұрын міндетті түрде дәрігер кеңесіне жүгініңіз. Өз беттеріңізбен ешқашан дәрі, белсенді қоспаларды қабылдамаңыз", - дейді Алпысбаев.

Жоғарыда айтылған симптомдар сізде болса, бірден дәрігерге жүгініңіз. Бүгінгі таңда барлық медициналық мекеме жанынан арнайы фильтр орнатылған.

Асқынып кету қаупі жоғары

"Қазіргі уақытта медициналық қызметкерлерге де бетпердесіз жүрмеу туралы тапсырма берілді. Өйткені аууханада жұқтырып алу қаупі жоғары. Тұмауды дер кезінде емдемесе, өкпе қабынып, бронхитке шалдықтырады. Жасы алпыстан асқан, жүрек-қан тамырлары аурулары, өкпе қабынулары бар азаматтар тұмауды жұқтырса, өте қиын болады", - дейді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев.

Қазақстанда Гонконг тұмауын жұқтырғандар қанша

Тұмаудан биыл өлім-жітім болмаған, дейді басқарма басшысы. Эпидемиялық кезең басталғалы Гонконг тұмауының 587 жағдайы тіркелген.

"Бізде жекеменшік болсын, мемлекеттік мекемелерде болсын, үйіне дәрігер шақыртқан жағдайлар болсын, санитардық-эпидемиологиялық бақылау органдарына есеп беріліп отырады", - дейді Жасұлан Алпысбаев.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары