Америкалық ғалымдар адамның кофе ішетін уақыты оның денсаулығына тікелей әсер ететінін анықтады. Тулейн университетінің (АҚШ) зерттеушілері 40 мыңнан астам ер мен әйелді он жылға жуық бақылай отырып, олардың өмір салты мен тамақтану әдеттерін талдаған, деп хабарлайды turkystan.kz Independent басылымына сілтеме жасап.
Қатысушылар екі топқа бөлінді: таңертең ғана кофе ішетіндер және күні бойы кофе ішетіндер. Нәтижесінде таңертең кофе ішетіндердің өмір сүру ұзақтығы жоғары, ал жүрек-қантамыр ауруларының қаупі 31%-ға төмен болған. Күні бойы кофе ішетіндерде мұндай артықшылықтар байқалмаған.
Лондон профессоры Томас Лушер бұл деректерді түсіндіріп, былай деді:
«Көптеген адамдар күні бойы кофе ішіп, ұйқы бұзылуына шағымданады. Ал жалпы алғанда, дәлелдер кофе, әсіресе таңертең ішілген жағдайда, ағзаға пайдалы екенін көрсетеді. Сондықтан кофеңізді ішіңіз, бірақ таңертең».
Ғалымдар кофені таңғы уақытта ішудің ағзаның биологиялық ырғағына сәйкес келетінін, бұл жүрек пен жүйке жүйесіне түсетін салмақты азайтатынын атап өтті.