Астаналықтар сүйсінген «Бақшасарай бұрқағы»
Астаналықтар сүйсінген «Бақшасарай бұрқағы»
Сенбі күні «Астана Опера» театры елорда көрермендерінің назарына таңғажайып тұсаукесер – «Бақшасарай бұрқағы» балетін ұсынды. Бұл – драмалық балет жанрында қойылған бірегей туынды. Алғаш рет 1934 жылы Ленинградтағы С.М.Киров атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында шымылдығы түрілген спектакльдің жаңа редакциясын қазақстандық хореографтар Тұрсынбек Нұрқалиев пен Ғалия Бөрібаева жасады.
Александр Пушкиннің осы аттас поэмасының желісімен сахналанған, прологы мен эпилогы бар төрт көріністен тұратын Борис Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» хореографиялық поэмасын Николай Волковтың сценариі бойынша 1934 жылы балетмейстер Ростислав Захаров қойған еді.
Қазақстандық хореографтар түпнұсқадан алшақ кетпеуге, балеттің темірқазығын жоғалтпауға тырысқан. «Біз спектакльді редакциялау кезінде мирас болған нұсқаны сақтап, солғын тартқан тұстарын жаңа заман ағымына сай өзгерттік. Герейдің екінші әйелінің биі, гаремдегі таң және күңдер көрінісіндегі билер де жаңадан енгізілді. Әлемдік хореографияның жауһарына айналған кейіпкерлер – Мария, Зарема, Вацлав, Герей және Нұрәли өзгертілген жоқ. Бұған дейін аталған балетпен жұмыс жасағанда кеңестік стильді ұстанатынбыз. Жаңа спектакль әлемдік стандартқа көбірек иек артты», – дейді Ғалия Бөрібаева.
«Бақшасарай бұрқағы» спектаклінің сценографиясын заманымыздың аса көрнекті суретшілері Эцио Фриджерио мен Франка Скуарчапино дайындаған. Суретші-сценограф Эцио Фриджериомен жұмыс істеуді дүние жүзінің атақты режиссерлері мәртебе санайды. Оның ең үздік еңбектерінің ішінен Нурия Эспертпен (Лондон, 1987 ж.) «Бернарда Альбаның үйін», Роже Планшонмен (Париж, 1988 ж.) Ж.Мольердің «Сараңын», Андрей Кончаловскиймен (Париж, 1988 ж.) А.Чеховтың «Шағаласын», Марко Шаккалугамен бірлесіп жасаған (Женева, 1990 ж.) Ф.Дюрренматтың «Физиктерін» ерекше атап өтуге болады. 1972 жылы сахнаға жол тартқан У. Шекспирдің «Лир королі» (Пикколо театрдағы Дж. Стрелердің қойылымы) спектаклінен кейін жұбайы Франка Скуарчапино екеуінің өмірдегі, өнердегі жұптары жазылмаған. Эцио сценография жасаса, Франка сахналық костюмдердің нобайын сызады. «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино қазақстандық көрермен үшін де аянбай еңбек етіпті. «Бақшасарай бұрқағындағы» костюмдердің технологиялық тұрғыдан күрделілігін аңғару үшін асқан көрегендіктің қажеті жоқ.
Мамандар қойылымның сценоргафиясына да өте жоғары баға берді:
– Бізге дүние жүзінің маңдайалды суретшілерімен бірлесіп жұмыс істеу бақыты бұйырды. Маэстро Фриджерионың ойластыруы бойынша көлемі қайран қалдыратын экран тұңғыш рет біздің театрда қолданылды. Сценографтың ойы көрерменге польшалық қамалдың жантүршігерлік өртке оранатын сәтін ауқымды етіп көрсетуде жатыр. Әлем театрларында мұндай көріністі еш жерде көре алмайсыз деуге болады. Екінші актіде баршаның назарын өзіне аударатын гаремге тоқталсақ, ол Альгамбраны – сәулет пен парк ансамбль құрған өзінше әсерлі, мұсылман әміршілерінің көне сарайлары, қамалдары мен бақшаларынан құралып, Батыс Еуропада мавритандық сәулетшілердің ең жоғарғы жетістігі саналатын арабтар сәулетінің квинтэссенциясын бейнеледі. Арабтардың декорында бояу жоқ, сонысымен ерекше. Қойылымда 3D проекцияда жасалатын «Көз жасының бұрқағы» өзінше бір төбе. Егер тарихи деректерге жүгінсек, онда бұл бұрқақ жұмақтағы бұлақ көзі – сельсебиль деп аталатын бұрқақтар класына жатады. Бұрқақтың сельсебильдік түрі құрылысы белгілі бір наным-сенімге сәйкес киелі саналып, әулиелі жерлерге салынады. Наным бойынша адам жаны жұмаққа түскенде, осы таза қайнар бұлақтан сусындайды екен. Бұрқақтың мәніне поэзиялық тұрғыдан қарап көрсек, онда ол жасы тамып тұрған мәрмәр гүлді еске салады, – дейді театрдың сценографиялық жобалар мен қойылым жұмыстарын жүзеге асыру басқармасының басшысы Виктор Караре. Айтпақшы, Италияда жасалған декорация Астанаға төрт жүк көлігімен он күн ішінде жеткізіліпті.
«Бақшасарай бұрқағының» жаңа редакциясына ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айдар Әбжаханов дирижерлық етті. Спектакльге солистер, кордебалет, миманс әртістері – барлығы 92 адам қатысқан. Мәселен, Герей ханның партиясына бірден үш әртіс – Бауыржан Мекембаев, Жәнібек Иманқұлов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жандос Әубәкіров дайындалыпты. Алайда тұсаукесер күні кейіпкерді қоюшы хореограф – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Нұрқалиевтің өзі ойнайды. Бұл партияны хореограф 36 жыл бойы сомдап келеді, алғаш рет ол 1979 жылы балетмейстер Ростислав Захаровтың жетекшілігімен билегенін біреу білсе, біреу білмес.
Балеттегі князь қызы Марияны ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Баспаева ойнады. Ал Герейдің сүйіктісі Зареманы Борис Эйфманның балет театрынан шақыртылған солист Әйгерім Бекетаева сомдады. Спектакльдегі тағы бір жарқын образ – әскери қолбасшы Нұрәлиді Бақтияр Адамжан ойнаса, Марияның күйеу жігітінің партиясы Еркін Рақметоллаевқа бұйырған.
Балеттік қойылымдағы басты партия – Зареманың бейнесін Ресейдің Халық әртісі, «Астана Опера» балетінің көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова дайындаған. Ол бұл партияға театрдың жетекші солистері – Әйгерім Бекетаева, Гауһар Усина мен Әнел Рүстемованы әзірледі.
– Бұрын С.Киров атындағы опера және балет театрында Р. Захаров қойған таңғажайып «Бақшасарай бұрқағы» балеті күні бүгінге дейін тоқтаусыз жүріп жатыр. Бастапқыда қалыптасқан дәстүрлер үзілмей, буыннан-буынға мұқият жеткізілуде. Әйгілі орыс балеринасы Татьяна Вечеслова жасаған Зареманың мінсіз образы жас әртістерге үлгі болып келеді. КСРО Халық әртісі Ольга Моисеева Вечеслованың шеберлігін өз бойына сіңіріп, өзінен кейін бұл партияны маған аманат етті. Мен өзіме дейінгілердің сара жолын жалғап, жиған ілім-білім мен тәжірибемді жастармен бөлісуге тиіспін. Бұл партияға бірден үш балеринаны дайындадым, әрқайсысы әр түрлі, олармен жұмыс істеу сонысымен де қызық әрі өнімді болды, – дейді Алтынай Асылмұратова.
80 жыл бұрын тұсауы кесілген «Бақшасарай бұрқағы» Астана төрінде соны леп, жаңа екпінмен «атқылады». Оның «Астана операның» қоржынындағы таңдаулы туындыға айналып, елорда көрермендерін театрға бір табан жақындата түсеріне сенім мол.