"Мал ұрлаушы" жедел алдын алу шарасы барысында Павлодар облысында 252 бас ұрланған мал иелеріне қайтарылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Павлодар облысы аумағында мал ұрлығын алдын алу және оған жол бермеу мақсатында жүргізіліп жатқан жедел алдын алу іс-шаралары аясында полиция рейдтік жұмыстар жүргізуде.
– Қазіргі уақытта Май ауданында мал ұрлығына қатысты екі дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Облыстық прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері тоғыз күдіктіні анықтап, ұстады, олардың үшеуі қамауға алынды. Алдын ала деректерге сәйкес, күдіктілер 2024 және 2025 жылдардың күз айларында алдын ала сөз байласып, топ құрамында еркін жайылымнан 29 бас ірі қара мал қара және 7 бас жылқы ұрлаған. Кейін оларды бөліп, етін сатып жіберген. Осылайша мал иелеріне 18 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірген, – деді Павлодар облысы ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.
Ведомствоның мәліметінше, іс бойынша объективті тергеу жүргізу мақсатында қажетті тергеу әрекеттері атқарылуда. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады.
Айта кетейік, биыл Павлодар облысы аумағында 52 мал ұрлығы фактісі тіркелген. Сәйкесінше, полицейлер 252 бас малды иелеріне қайтарған. Полиция ветеринариялық қызметпен бірлесіп мал мен ет өнімдерін тасымалдау бойынша тұрақты тексерістер жүргізеді. Мамандар жайылымдарды, иесіз малдарды, сондай-ақ сауда орындарын, базарларды, мал сою пункттерін және мал мен етті тасымалдайтын көлік құралдарын тексереді.
Полиция мал айналымының заңдылығын растайтын құжаттарға және ветеринариялық нормалардың сақталуына ерекше назар аударып жатыр.