Ересектер арасындағы гір көтеруден әлем чемпионаты Қытайда өтіп жатыр. Маңғыстау спортшылары екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап.
13-18 қараша аралығында Қытайда әлемнің мықты гір көтерушілері бас қосқан әлем чемпионаты өтуде. Маңғыстаудың намысын Бақытжан Советханов, Нартай Алтыбаев және Аманесен Бисенов қорғады.
Әлем чемпионы атанғандар:
- Нартай Алтыбаев — 73 кг дейінгі салмақта («серпе көтеру» дисциплинасы);
- Аманесен Бисенов — 95 кг дейінгі салмақта («жұлқа көтеру» дисциплинасы).
Ал Бақытжан Советханов 95 кг дейінгі салмақта («ұзақ цикл» дисциплинасы) күміс жүлдегер болды.
«Кез келген жеңіс — кездейсоқтық емес. Оның артында жылдар бойы жинаған қажырлы еңбек, ерік-жігер және өз ісіне деген адалдық жатыр. Біздің спортшылар тек жарысқа шыққан жоқ олар мінез, төзім және кәсібилік көрсетті. Әрқайсысы өзіне жүктелген міндетті толық орындап, жоғары дайындық деңгейін дәлелдеді», — деді Маңғыстау облысының гір көтеру жаттықтырушысы Асхат Олжабаев.