7 мың шақырым жол ақылы болады
Елімізде ақылы жолдың енгізілгеніне бірнеше жыл болды. Алдағы уақытта тағы да бірнеше жолға осы жүйе енгізіледі деген жоспар бар. Көлік иесі қай жолдармен жүргені үшін ақша төлемек? Құнында өзгеріс бола ма? Жалпы, ақылы жолдар қаншалықты өзін-өзін ақтауда? Мәжілістегі Үкімет сағаты барысында министрге түрлі сауалдар қойылды. Оның дені жол мәселесіне бағытталды. Парламент мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаевтың «Бірнеше жылдан бері Астана мен Бурабай аралығындағы жолда ақылы жүйе қызмет етіп келеді. Өзіңіз атап өткендей, осы жолмен жүру құны да өзгеріске ұшыраған жоқ. Дегенмен де болашақта ақылы жолдың құнын көтеру жоспарларыңызда бар ма?», – деген сұрағына Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек 4-5 жылдан бері «Астана-Бурабай» жолында жүру құны өзгермегенін айта келе, оның жеңіл көліктерге шақырымына 1 теңге, ал жүк көліктеріне 6-8 теңгеге дейін жететінін атап өтті. «Алдағы 1-2 жылда бағаны көтеру жоспарымызда жоқ. Бірақ болашақта жолда жүру ақысын көтеру керек деп санаймыз. Себебі құрылыс материалдарының бағасы өсіп жатқаны белгілі. Сонымен қатар жолды күтіп ұстау, жанар-жағармай көп көлемде қажеттілік етеді. Осы орайда отын бағасы өсіп жатыр. Қазір емес, алайда 2-3 жылдан кейін осы мәселені қайта талқылауға саламыз деп ойлаймыз», – деп жауап берді министр. Сондай-ақ, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек биыл елімізде ақылы жүйеге ауысатын жолдар туралы әңгіменің шетін шығарды. «Жобалардың аяқталуына қарай кезең-кезеңмен жолдарға ақылы жүйені енгізу ескерілген. Осы орайда жолдарды күтіп ұстау қамтамасыз етіліп, бюджетке жүктемені төмендетеді. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2020 жылға қарай ақылы жүйе 6 мың шақырымға, ал кейіннен 7 мың шақырымға дейін енгізіледі. Ақылы жүйе биыл жыл соңында Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы-Қорғас учаскелерінде іске қосылатын болады. Құны Астана-Щучье автожолындағыдай болады, яғни жеңіл көліктерге 1 шақырымына 1 теңге, жүк көліктері салмағының ауырлығына қарай 18-25 теңге төлейді. Бұл жолдардың жалпы қашықтығы 500 шақырымға жуық», – деді. Бір айта кетерлігі, осы тариф бойынша автожолдар өздерін толығымен ақтайтын көрінеді. Мәселен, былтыр Астана-Бурабай ақылы автожолы бойынша 1 млрд 251 млн теңге жиналып, толығымен өзінің күтіп ұсталуына жұмсалған. Ал 2022 жылға дейін 7 мың шақырым жолды ақылы еткеннен кейін, барлық жолдарды республикалық бюджеттің қатысуынсыз күтіп ұстауға болатыны түсінікті. Айтпақшы, Қазақстан автомобиль тасымалы бойынша Сербиямен келісім жасады. ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр: «2016 жылы Қазақстан мен Сербия арасында тасымалданған жүктердің көлемі 15 процентке көбейіп, 5,5 мың тоннаны құрады. Екі ел арасындағы автомобиль тасымалын жүзеге асыру үшін құқықтық нормалар бекітіліп, автотасымал түрлері регламенттелуде, сондай-ақ бланк алмасуға рұқсат ететін квота белгілеу тәртібі ұсынылған. Келісімге сәйкес, екіжақты және транзиттік жүктерді тасымалдау еркін түрде, ал үшінші елдерге тасымалдау рұқсат негізінде жүзеге асырылады. Бұл шарт қазақстандық автотасымалдаушылар үшін тиімді, себебі Болгария, Грекия және Хорватиядан жүк тасымалдаған кезде қазақстандық тасымалдаушылар Сербияның аумағын пайдаланады», – деді. Депутаттардың сұрағына жауап берген вице-министр қазіргі таңда Қазақстан мен Сербия арасында жолаушылар тасымалының жүргізілмей жатқандығын, алайда бұл мүмкіндіктің келісімде қарастырылғанын атап өтті. Жүктер екі бағыт бойынша тасымалдануда: Ресей мен Беларусь арқылы – солтүстік бағыт, Түркия арқылы – оңтүстік бағыт.Отандық порттардың әлеуеті арта ма?
Министр қазіргі кезде отандық порттардың өткізу қабілетін арттыру үшін көп жұмыс жасалып жатқанын жеткізді. «Бір аптадай уақыт бұрын мемлекет басшысы Ақтау теңіз портында болып қайтты. Солтүстік терминал кеңеюде, астықты, контейнерлік жаңа үш айлақ пайда болды. Өткен жылы желтоқсанда Құрық –бірінші теміржол портын іске қостық. Биыл оған дейін автомобильдік жол да тартылады. Біз осы айлақтарымыз арқылы өтетін жүктердің көп бөлігін өзіміз тасуды қалаймыз. Қазіргі кезде қазақстандық теңіз тасымалдаушыларының үлесі 10-нан 35 пайызға дейін өсті. Бізде 11 кеме, оның ішінде 8 танкер, 3 құрғақ жүк таситын кеме бар. 2020 жылға дейін 2 паром тұрғызылады. Кемелердің жалпы саны 20-ға дейін жеткізіледі. Біз қазақстандық порттардан халықаралық нарыққа жол тартатын барлық жүк көлемінің 65 пайызын 2020 жылға қарай біздің кемелер тасиды деп жоспарлап отырмыз», – деді Жеңіс Қасымбек. Ол Құрық портындағы теміржол паромдық кешені операциялық қызметін бастағанын бизнесмендердің есіне сала кетті. «Паромдық терминал биылғы наурыз айынан операциялық қызметін бастады. Бүгінгі күнге 120 цистернаға жуық немесе 10 мың тонна мұнай өнімдері тиеп-түсірілді. Жылдың соңына дейін осы терминал арқылы 500 мың тоннадан астам жүкті тиеп-түсіру жоспарланып отыр», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. Сондай-ақ, әлгінде айтылғандай биылғы жылы автокөлікке арналған паромдық кешені құрылысының екінші кезеңі басталды. «Осы мақсаттарға 2017 жылғы бюджеттен 50 миллиард теңге қарастырылған. Осы жобаны жүзеге асыру болашақ жүк ағынын толықтай тиеп-түсіруге және Ақтау портының паромдық терминалын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Жалпы, 2020 жылға дейін теңіз порттарының қуаттылығын 26 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған», – деді мекеме басшысы. Осылайша, жүктерді теңіз арқылы тасымалдау нарығының оң серпіні байқалады. Төртінші құрғақ жүк кемесін осы жылдың ортасына қарай әкелу жоспарлануда. Отандық танкерлер Түркіменбашы – Баку, Махачкала – Баку бағыттарында жүк тасымалдауды бастады. Оларға тасымалданған жүк көлемі 2016 жылы тиісінше 1 млн тонна және 160 мың тонна болды.«Сақтықта қорлық жоқ»
Үкімет сағатында жас депутат Геннадий Шиповских қарапайым халықтың намысына тиетін бір жайтқа министрдің назарын аудартты. «Әуежайларда жолаушыларды тексеру күшейтілді. Көптеген азаматтарға бұл ұнамайды, себебі олардан үстіндегі киімдерін, аяқ киімдеріне дейін шешуге мәжбүр етеді. Әрине, мұның бәрі қауіпсіздік үшін қажет екенін түсінеміз. Бірақ қазір ХХІ ғасыр ғой, соған жеткізбей-ақ тексеруге болатын технологиялар, тексергіш құралдар жоқ па? Жолаушылардың жайлы өтуіне де жағдай жасау керек. Алдымызда ЭКСПО-2017 көрмесі келе жатыр. Қонақтар алдында ұятқа қалмаймыз ба?» – деді ол. Министр расында, аяқ киімін, белбеуін, сыртқы киімін шешкізу жолаушыларға ұнамайтынын мойындады: «Бірақ қазіргі заман талабы солай. Өткен аптада Петерборда метрода жарылыс болды. Вокзал, әуежай және басқа да көлік нысандары қырағы болғаны жөн. Әуежайда ондай тексеру қажет. Елбасының тапсырмасына сәйкес, біз ең үлкен 9 әуежайға сондай құралдарды сатып алып, биыл орнатамыз. Астананың жаңа терминалында ондай құралдар болатынына сендіреміз. Олардың барлығы ИКАО стандарттарына сәйкес болуы керек. Сол үшін бюджеттен биыл 9 әуежай үшін 1,8 миллиард теңге бөлінді. Бұл жұмыс ары қарай жалғасады», – деді түйді Жеңіс Қасымбек. Шынында да, қауіпсіздік бәрінен маңызды. «Сақтықта қорлық жоқ» дегенді естен шығармаған абзал. Сондай-ақ, министр «Эйр Астананың» Алматыдан Дубайға бет алған ұшағына қатысты оқиғаға түсінік берді. «Компанияда халықаралық стандарттарға сәйкес қауіпсіздікке жоғары талаптар қабылданған. Сондықтан да ұшақтағы техникалық ақауларға дабылдар болған кезде экипаж әуе кемесін бірден жерге қондырады. Осы орайда бұл жағдайда экипаж жұмысы өздерінің жоғары біліктілігін көрсетті», – деді министр тілшілердің сауалына жауап беру кезінде. Оның сөзіне қарағанда, құрылғыдан дабыл белгісі көрінгенде, «Эйр Астана» экипажы ұшақты қондыру шешімін қабылдайды, себебі адамдар қауіпсіздігі бірінші кезекте тұр. Қазіргі кезде бұл факті бойынша тиісті тексерістер басталған көрінеді. «Шынымен де наурызда төрт жағдай орын алды. Жалпы жылдық статистиканы алып қарайтын болсақ, «Эйр Астана» бойынша айтарлықтай жақсы деңгейдегі жауапкершілікті байқауға болады. Сонымен қатар қауіпсіздік бойынша шаралары да жақсы деңгейде», – деді Ж.Қасымбек. Ведомство басшысының атап өтуінше, соңғы бес жылда «Эйр Астана» қызмет көрсету және қауіпсіздік бойынша Шығыс Еуропа мен Орталық Азия әуе компаниялары арасында алғашқы бестікке еніп отыр.Астанада – жаңа вокзал
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан маңызды жобаның бірі – Астанадағы жаңа теміржол вокзалының құрылысы. Құрылыс және әрлеу жұмыстары аяқталып қалды. Жаңа вокзал мамыр айының ортасында пайдалануға беріліп, ЭКСПО-ға келетін алғашқы жолаушыларды қабылдайды. Жалпы алғанда, жаңа вокзалдың өткізу қабілеті – тәулігіне 35 мың жолаушыны құрайды. Ал қолданыстағы вокзалмен қоса алғанда – тәулігіне 48,8 мың жолаушы болады. Бұл астаналық жолаушылар ағынына, оның ішінде халықаралық көрмені өткізу кезінде де, сапалы қызмет көрсетуді толығымен қамтамасыз етеді. «Бұл нысан өзінің бірегейлігімен ерекшеленеді және ТМД елдері арасында үздік вокзал қатарында» деген министр: «Бүгін қаланың ескі бөлігіндегі вокзал тәулігіне 12 мың жолаушыға арналған. Алайда ол 18 мыңға жуық адамға қызмет көрсетуде, яғни қосымша жүктемемен жұмыс істеуде. Жаңа вокзалды іске қосқаннан кейін, бұл бағыттағы ахуал түбегейлі өзгереді. ЭКСПО кезінде кем дегенде 2 млн жолаушы болады деп болжануда және олар көліктің түрлі бағыттарымен келеді. Негізгі басымдық теміржол көлігіне түсіп отыр. Сондықтан да осы жобаны уақтылы аяқтауға тыңғылықты дайындалдық», – деді Жеңіс Қасымбек мырза. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі 10 маусымда басталып, 10 қыркүйекте аяқталады. Осы кезде теміржол, әуе, жол қатынасы ешбір кедергісіз жұмыс істеуі маңызды. Себебі көрмеге 2 миллионнан астам адам келеді деп болжанса, көрмені тамашалаушылардың 85 пайызын Қазақстан азаматтары, ал қалған 15 пайызын шетелдіктер құрамақшы. Қазіргі уақытта 112 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым ЭКСПО көрмесіне қатысатынын ресми түрде растап отыр.